- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ауылдарда «Сандық Қазақстан»...
Ауылдарда «Сандық Қазақстан» жобасы іске қосылып жатыр
Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен «Сандық Қазақстан» жобасының қанатты нұсқасы енгізілді. Қыркүйек айынан бастап «BILIMBOOK» атты жаңа үлгідегі кабинеттерді орнату бойынша жоба іске қосылды. Бұл жоба Павлодар, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында үш мектепте басталды.
Жуырда өңірдегі осы жобаға алынған Успен ауданының орталығындағы №3 қазақ тілінде жалпы білім беретін орта мектепте «Сандық Қазақстан» жобасы шеңберінде арнайы кабинет ашылды. Мектеп оқу ісінің меңгерушісі Зәуреш Рымханқызы: "Аппараттық жаңа технологиялар ауыл мектептердегі білім деңгейінің жоғары болуына әсер етеді. Қыркүйек айында кабинет ашылып, жаңа технологиямен білім алуға барлық оқушылар қатты қызығушылық көрсетті. Қазір 8-сыныптың 18 оқушысы осы жаңа жүйе бойынша білім алып жатыр. Кабинетте интербелсенді тақта, 18 сенсорлық ноутбук-трансформерлері бар сейф-шкафтары бар" деп ағынан жарылған.
Bilimbook-те қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде 4 білім беру ресурсы бар. Бұл BilimLand – әмбебап білім беру платформасы, iTest – ҰБТ және ТКТ-ға даярлайтын виртуалды тренажер, iMektep – қазақ тіліндегі бастауыш мектеп бағдарламасының толық курсы, Twig-Bilim – 1500-ден астам қызықты танымдық фильмдерінен тұратын кешен. Қазір мектеп оқушылары жаңашылдық технология жүйесімен сабақтарын бастап та кетті.
BilimBook білім беруді арттыру және танымдық белсенділікті ынталандыру мақсатында оқушының жеке қолдануына арналған. Мұғалімге сабақ беру барысында инновациялық педагогикалық технологияларды, әдістер мен модельдерді енгізуге мүмкіндік береді. BilimBook ноутбугі контентінде 40 мыңнан астам интерактивті сабақ, миллион бейнеролик және 30 000 тест сұрақтары енгізілген.
Г. Берік