Суретші Саян Байғалиев - қазақ мәдениетін заманауи өнердің нәзік өрімдерімен ұштастыра білген жас талант. Оның туындылары Лондон, Париж сынды үлкен қалалардың көрмесінде қойылып, жеке коллекциялары көптің таңдайын қақтырған. Суретшінің жетістікке жету жолы, таланты мен дарыны жайлы Massaget.kz тілшісі Tengri Life-қа сілтеме жасап әңгімелейді.
Саян Байғалиев қазір түтін басы 20-дан аспайтын қарапайым Бетқұдық ауылында дүниеге келген. Оны анасы жастайынан өнерге баулып, үнемі қолдау білдіріп, сурет өнеріне деген қызығушылығына демеу беріп өсірген.
"Бес жасымда анам екеуміз Өскеменге көшіп келдік. Сол жақтағы өнер мектебіне барып, түрлі байқауларға қатысып бастадым. Көп өнерпазбен таныстым. 2008 жылы PLANET OF ART атты халықаралық фестивальге қатыстым. Сол жерде Алматыда көркемсурет мектеп-интернаты бар екенін біліп, анама ұсыныс тастадым. Анам менің ниетімді қолдап, тәуекел етіп, мектеп-интернатта оқуыма қарсы болмады", - дейді Саян.
"Анам маған үнемі қолдау білдірді. Тіпті өзіме қарағанда маған анам көбірек сенді. Біздің жеке пәтеріміз болмады. Анам өте көп жұмыс істеді. Қазір есепші болып қызмет атқарады. Жасөспірім шағымда мен оған жақсы жұмысқа орналасып, көмектесемін деп ойладым. Бірақ анам да, мұғалімдерім де, менің бойымнан шығармашылық ұшқынды көріп, іштегі шырағымды жақты. Солайша мен 12 жасымда Алматыға келіп, Т.Қ.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА-ның мектеп интернатына түстім. Анам да бірге білім алуға барды, өйткені бұрын ондай мүмкіндік болмаған еді. Анам үнемі білімді, оқуды бірінші орынға қоятын. Мен қазір онымен толықтай келісемін", - деді суретші.
"Алматыда оқып жүргенімде бізді Санкт-Петербург пен Париждегі мұражай тәжірибесіне апарды. Содан кейін мен осы бағытта білім алатынымды ұқтым. Колледжден кейін мен Санкт-Петербургтегі академияға түскім келді, алайда академиядағы шеберханаларға дайындық курстарына баруды ойладым. Бірақ сол жылы олардың шеберханасы өртеніп кетіп, мен Мәскеуге баруды шештім. Кейін В.Суриков атындағы Мәскеу көркемсурет институтына оқуға түстім. Оқуымды бітіріп, отбасыммен Алматыға көшіп келдім", - дейді ол.
Студент кезінде-ақ суретші шығармашылық әлемнің шыңын бағындырып бастаған. Ол бірнеше мәрте беделді халықаралық байқаулардың жеңімпазы және лауреаты атанды. Осылайша, 2021 жылы ол Лондонда өткен "Күнделікті өмір көріністері" деген байқауында Jackson's Painting Prize сыйлығын жеңіп алды және 2024 жылы әлемнің түкпір-түкпірінен мыңдаған заманауи суретшілердің арасынан іріктеліп алынып, Delphian Open қоңырау байқауына қатысуға шақырту алды. Сол жылы ол Венециядағы Art Laguno Art Prize өнерпаздарының ең беделді байқауларының бірінің финалисі атанды.
Саян Байғалиевтің есімі Қазақстанның шығармашылық орталарында да танылды. Суретші көшкенге дейін Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайынан жеке көрмесін өткізу туралы ұсыныс түсіп, өнерпаз оған зор қуанышпен келісті.
Көрме залының қабырғалары Саянның картиналарымен өріліп тұр. Оның Matte(r)reality атты көрмесі 5 желтоқсанда ашылды.
Суретші туындылары расында көрерменді ойға батырады. Әрбір сурет сізді қиялға батырып, ұзақ уақытқа дейін ой әлеміне сүңгітеді. Оның картиналарының көбінде - сынған, кейде уайымды көрсететін тірі кеңістік бейнеленеді.
Көрмеге қазақстандық суретшінің соңғы төрт жылдағы жұмыстары қойылған. Саянның айтуынша, 2020 жылдан бері оның өмірінде шығармашылығы мен дүниетанымына әсер еткен бірнеше оқиғалар болған. Бұл ұлының дүниеге келуі, сонымен қатар коронавирус пен карантин. Содан кейін Саян өзі өмір сүріп жатқан кеңістікке деген көзқарасын және оның әрбір адам өміріндегі маңыздылығын қайта қарастырды.
"Мен анаммен үнемі көшіп-қонып жүрдім. Мәселен, сіз жиі көшіп-қонып жүрсеңіз айналаңыз, тұратын жеріңіз бен кеңістігіңізді өзгертсеңіз. Мұндай жағдайда қоршаған әлеміңізге ерекше көзқараспен қарап, айналаңызды ерекше бағалай бастайсыз", - деп түсіндірді ол.
Суретшінің бұл картинасы коронавирустық шектеулер кезеңін көрсетеді.
"Карантин кезінде пәтеріміз біздің серуендейтін де, демалатын да, жұмыс істейтін де әлемімізге айналды. Пәтерімді төрт бөлікке бөліп бейнелегім келді. Осылайша, мен оны төрт бөлікке бөлдім. Ал оның бір бөлігі карантин кезінде әрбір адам сезінген күйді бейнелейді", - деді Саян.
"Жанды күту" картинасының да ковид кезеңіне қатысы бар. Әсіресе бәрі енді басталып келе жатқан сәт. Бізге ауырып қалсаңдар болды, бәрі бітті деп қорқыныш ұялатқан кезеңді суреттедім. Мен көлденеңінен көретін әртүрлі бұрыштарды басқаша әдістермен қарастыра бастадым. Өйткені айналамдағы әлем өзгере бастады", - дейді Саян.
Суретшінің көп картинасында өміріндегі маңызды жандар бейнеленген. Әсіресе әйелі мен ұлының күнделікті өмірдегі әртүрлі сәттері көрініс тапқан.
"Бұл картина менің суретші Марсель Дюшампқа деген құрметім. Оның баспалдақтан түсіп бара жатқан қызды суретке түсіріп тұрғанын бейнелеген жұмыстары бар. Ол осы қозғалысты салып шыққан. Мен де сол қозғалысты бейнелегім келді. Мен ұлымызды төсекке жатқызып жатқан әйелімді салып шықтым. Бұл күнделікті ешқашан таусылмайтын әрекет", - дейді суретші.
Картиналардың арасындағы тағы бір ерекше "бөлшек" - үстел. Иә, кәдімгі асханадағы үстел. Бірақ суретшінің айтуынша, оның да өзіндік терең мағынасы бар.
"Бұл дастарқан басында берілетін дәстүр мен салт тәрбиесінің көрінісі. Бізде Қазақстанда шай үстінде көп өнегелі әңгімелер айтылып, таным-тағылым дастарқан басында беріледі", - дейді Саян.
Қазақстандық өнерпаздың туындылары сан қырлы. Кейбірі адамды өзіне тартып, енді бірі, керісінше, екі өлшемдіден үш өлшемдіге біркелкі ағып жатқан кеңістікті бейнелейді.
Бұл картиналардың бірі американдық суретші Роберт Раушенбергтің "Пилигрим" туындысына параллель шыққан.
"Ол жұмыстың жанына орындық қойып, соны суреттің бір бөлігі етеді. Мен картинаны орындығы бар үстелмен жалғастырып бейнелегім келді", - деп түсіндірді ол.
Соңғы жылдары Саян Байғалиевтің көрмелері бүкіл әлемде: Англияда, Францияда, Оңтүстік Кореяда, Қатарда және басқа да көптеген елдерде өтті. Оның картиналары дүниежүзіндегі өнер сүйер қауымның жинақтарының бір бөлігіне айналды.
Саян өзі жетістіктерімен мақтанбайтын жан. Керісінше, олар туралы сөз болғанда көбіне үнсіз қалады. Ал картиналары туралы әңгімелегенде асқан ынтамен және ерекше құлшыныспен тарқатады.
Өнер иесі шығармашылық адам үнемі өсу жолында жүретінін және оның әлемі ұзақ даңғыл жолдан тұратынын айтты.
"Өзіңмен жұмыс істе, әркімнің өз жолы, өз жетістігі бар. Өзгенің артынан жүгірме, өзіңдікін тап. Ең бастысы, өзіңнің кім екеніңді және шын мәнінде нені қалайтыныңды түсіну керек. Жетістікке жетудің сыры - бұл өз ісіңмен айналысу, оған барынша берілу және ол туралы үнемі біліміңді тереңдету, ал екінші жағынан, не істеп жатқаныңа үнемі күмәндану", - дейді суретші.
Алматыда Саян Байғалиевтің көрмесі 5 қаңтарға дейін жалғасады. Оның шығармашылығымен Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайында таныса аласыздар.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз