Ауылда өз жұмысшылары үшін жалға берілетін тұрғын үй салғысы келетін жұмыс берушілерге мемлекет тарапынан 5 млн теңге көлемінде субсидия беріледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне сілтеме жасап.
Министрлік мемлекет басшысының ауылдарда өз жұмысшылары үшін тұрғын үй салатын жұмыс берушілердің шығынын өтеуге қатысты тапсырмасын орындау үшін субсидиялаудың тиісті қағидасын әзірлеп бекіткен.
"Жаңа ережеге сәйкес ауылда, кентте немесе ауылдық округте жалға берілетін тұрғын үй салған жұмыс берушілер 5 млн теңге мөлшерінде субсидия ала алады. Бұл қаржы 75 шаршы метрден 100 шаршы метрге дейінгі тұрғын үй құрылысының шығынын жабады. Субсидия алу үшін жұмыс берушілер жұмысшымен 5 жылға еңбек шартын жасасуы керек. Жұмыс берушілер тұрғын үй салуды жоспарлап отырған ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің тізімін жергілікті атқарушы органдармен айқындап бекітеді
Бірақ бұл тізімге аудан орталықтарының және облыс орталықтары, моно және шағын қалалар немесе агломерациялардың, қаладағы аудандардың құрамына кіретін 30 шақырым жерде орналасқан ауылдар, кенттер мен ауылдық округтер кірмейді", - деп жазылған хабарламада.
Бекітілген ереже биыл 15 қаңтардан бастап, күшіне енеді.
Аяз Есен
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!