Алматы облысындағы Тұздыбастау ауылы тұрғындары аймақты жайлаған сасық иіске шағымданды. Бұған үй ауласында шошқа асырап отырған көршілер себеп. Қорадан шыққан жағымсыз иістен тұрғындар әбден тұншыққан. Бұл мәселеден жергілікті әкімдік пен санитарлық қызмет те хабардар. Бірақ даудың басылар түрі жоқ, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жағымсыз иіспен тыныстайтын тұрғындар шошқа асырайтын аулаға жиналып сөйлеспекші де болған. Көрші үй оншақты шошқа ұстайды. Есігі тарс жабық. Үй иесі ешкімді кіргізбейді. Сөйлеспейді. "Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ". Күн ыстықта, кешкісін жел соққанда ауамен айналадғы иіс қолқаны қабады. "Бұған шыдамағандар көшуге мәжбүр" дейді ауыл тұрғыны Серікқали Құрманбаев.
"Бір уақыттарда иісі адам тұрғысыз, адам демалуға болматындай иіс шығады. Сасық иіс. Шошқаның иісін білесіздер ғой. Тура сондай. Әйелім демала алмайды. Жиіркеніп, құсып ауырады. Бұлар ешкіммен сөйлеспейді. Не деген бассыздық?" дейді тұрғын.
Ал ауыл тұрғыны Қуанышбек Әділбектің айтуынша, шошқа асырушылар қорасын мүлдем тазаламайды. Малдың қиын өзенге төгуі мүмкін. Тазалық болмаған соң, санитарлық ахуал да нашарлап жатыр.
"Сайда өзен ағып жатыр. Ол су да сасып бітті. Біз терезе ашып отыра алмаймыз. Мүмкін емес үйдің ішінде отыру. Содан кейін мына сайда қазір крыса пайда болды, өріп жүр. Егеуқұйрық жақын арада үйге кіре ма деп қорқамыз" дейді тағы бір тұрғын.
Тұрғындардан арыз-шағым жиі айтылып жатқандықтан, ауыл әкімдігі шошқа асыраушыны сөзге тартқан. Полиция қызметкерлерін шақыртып, ауласында қоқыс тастағаны үшін айыппұл да салған.
"Оларға ҚР ӘҚК 505 бап бойынша ескерту берілді. Вет инспекцияға хат жолданған. Олар ескерту берді. Бір ай ішінде ретке келтіру керек. Үй иесі Л.Павлюченкомен сөйлестік. Ол 1-2 айда қорамды көшіремін деген. Бірақ, көршілермен ұрыс-керіс болған соң ол ойынан айныған сияқты. Біз бұлай болмайтынын барынша түсіндіріп жатырмыз. Алдағы уақытта Талғар аудандық ветеринарлық бөлім мамандары келіп тексеріс жүргізеді" деді Тұздыбастау ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Рауан Қуанышұлы.
Жалпы, елді мекенде үй жануарларын асыраудың нормалары бар. Оны аудандық санитарлық және ветеринарлық қызмет қадағалауы тиіс. Құзырлы мекеме мал иесін жауапқа тартпайынша ауыл сасық иістен қашан құтылатыны белгісіз.
Саламат Сабыр
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!