- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Ауыл түгел қырылып...
"Ауыл түгел қырылып қалады". Ақтөбе облысында тұрғындар ауыл іргесінен мұнай өндіруге қарсы
Ақтөбе облысы Темір ауданы Кеңкияқ ауылының тұрғындары ауылдың дәл іргесінен мұнай өндіруге қарсы, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Тұрғындардың айтуынша, егер Бозобадан мұнай бұрғыланатын болса, онсыз да экологиясы мәз емес ауылдың жағдайы одан сайын нашарлап кетеді. Тіпті қазір аймақта мал жаятын жер де қалмаған. Ал мұнай бұрғыланатын Бозоба ауылдан екі шақырым жерде екен. Іргесінде Темір өзені ағып жатыр. Оның үстіне сол маңнан үй салу үшін жер телімдері беріліп, коммуникация жүргізілуде. Халық "бұрғы тимеген жалғыз Бозоба қазылатын болса, ауылымыз құриды" деп ашынып отыр.
"Бұл жердің астында өте қауіпті улы газ бар. Ілгеріде, яғни Кеңес дәуірінде бірнеше рет қазуға оқталды. Бірақ қауіптілігін ескеріп қаза алмай кетті. Біздің ауылдың жан-жағының бәрінен мұнай өндіріледі. Таза жел осы Бозоба жақтан ғана соғады. Егер ертеңгі күні мұнай бұрғыланып, оқыс жағдай болса ауыл түгел қырылып қалады. Себебі бұл жердің газы көмір қышқыл газынан да қауіпті. Осы мәселені айтып жатырмыз, ауыл халқы түгел қарсы, бірақ құлақ асар ешкім жоқ. Мұнай бұрғыламақ болған компания ешкімді, әкімдікті де, халықты да тыңдар емес. Қоғамдық кеңесті де дұрыс өткізбеді", - деді ауыл ақсақалы Жұмағали Едігеев.
Тұрғындар соңғы жылдары ауылдың экологиялық жағдайы да нашарлап кеткенін айтады. "Өзеннен балық кетіп, мұнай алынған жерлерден шөп те шықпайды" деп отыр.
"Бұл ауылдан сау адамды іздесең таппайсың. Сәбилер өмірге ауру, мүгедек болып келіп жатыр. Басқаны айтпай-ақ қояйын, өзімнің немерем оң аяғынан мүгедек болып келді. Егер тағы да іргеден мұнай өндірілетін болса, экологиялық жағдай осылай жалғаса берсе болашақта ұрпақ та болмауы мүмкін", - деді ақсақал Елеш Мақаш.
Жиналған жұртшылық компания өкілінен техникаларын алып кетіп, бұрғылау жұмысын тоқтатуды талап етті. Ал мұнай өндірмек болған компания өкілі қазір тек барлау жұмыстарын жүргізуге дайындық жасалып жатқанын айтты. "Бірнеше мекемемен келісім жасап, шығындалдық" - деген өкіл, бір күнде жұмысты тоқтата алмаймыз деп отыр.
"Экология комитетінен алған құжаттарымыз бар. Адам денсаулығына өміріне, қаупі жоқ деген құжаттарымыз бар. Әлі бұрғылау басталған жоқ. Трубаларды әкеліп жатырмыз. Экологиялық кодекстің 73 тармағына сәйкес, қоғамдық тыңдауларды өткіздік. Экологиялық кодексте, яғни заңнамаға сәйкес тек қана халықтың қатысу құқы, сонымен қатар ұсыныстары қарастырылған. Халық қарсы болса жазбаша түрде өзінің қарсылықтарын құзыретті органдарға жіберсін. Құзыретті органдар арнайы тоқтату жұмыстарын жүргізетін болса, біз сол кезде ғана жұмысты тоқтатамыз", - деді компания директорының экология жөніндегі орынбасары Төрехан Құлтаев.
Суреттер: Massaget.kz / Кәмшат Қопаева
Облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Талап Ұсандин заң бойынша жобаға рұқсат қағаз берілгенін растады. Ал Бозобадағы жер асты газының улылығы барлау жұмысынан кейін ғана белгілі болатынын айтты. Халықтың ұсынысы жан-жақты қаралатынын жеткізді. Ал тұрғындар "қалай болғанда да мұнай өндіруге қарсымыз" - деп отыр.
Кәмшат Қопаева
Ақтөбе облысы
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz