Қазақстанда ауыл шаруашылығы техникасын утилизациялауға тапсырғанда берілетін жеңілдік сертификатының қолданылу мерзімін ұзарту жоспарланып отыр. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев ҚР Президенті телерадиокешенінің «Три вопроса» бағдарламасына берген сұқбатында айтты.
Алдымен ведомство басшысы «ӨКМ Операторы» компаниясын трансформациялау бойынша жұмыстар жүргізілгенін атап өтті.
Мемлекет басшысы утилизация алымының мөлшерлемесін төмендету туралы тапсырма берді. Биыл 14 мамырда Экология министрлігі тиісті бұйрықты шығарды. Утилизация алымының мөлшерлемесі көліктер, ауыл шаруашылығы техникасы үшін 50%-ға төмендеді. Әрине, бүгінде «Экоқолдау» жүйесіне байланысты проблемалық мәселелер бар. Аталған ақпараттық жүйенің аясында қалдықтарды жинауға, өңдеуге субсидиялар берілді. Алайда бұл жүйе әлі жұмыс істемейді. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Іс-шаралар аяқталғаннан кейін экожүйенің жұмысын қайта жанданады, - деді министр.
Серікқали Брекешев жеңілдік сертификаттары бойынша сұрақтар туындағанын атап өтті. Осыған байланысты ол ауыл шаруашылығы техникасын кәдеге жаратуға тапсырғанда жеңілдік сертификатын кімдер алатынын түсіндірді.
Сертификаттың қолданылу мерзімі бір жылға шектелген. Сондықтан қазақстандықтар тарапынан осы сертификаттардың жарамдылық мерзіміне байланысты көптеген сұрақ туындап, алаңдаушылық болды. Қазір Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бірлескен бұйрыққа сертификаттың қолданылу мерзімін тағы бір жылға ұзарту бойынша өзгерістер енгізіп жатыр. Тиісті жұмыстар жүргізілуде. Жақын арада біз осы бұйрықты шығарамыз, - деді ведомство басшысы.