- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ауыл шаруашылығының үздіктері...
Ауыл шаруашылығының үздіктері марапатталды
Бүгін ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күніне орай Талдықорғанда Алматы облысының аграрлық саласының үздік мамандары марапатталды. Кәсіби мерекемен ауыл шаруашылығы қызметкерлерін облыс әкімі Амандық Баталов құттықтап, үздік шаруа қожалығы мен үздік жауапкершілігі шектеулі серіктестікке «Нива» автокөліктерінің кілттерін тапсырды, - деп хабарлады Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайының фойесінде ауыл шаруашылығы саласының даму көрсеткіштері жайлы әзірленген аудан, қалалардың көрмесімен танысып, «Жетісу» телеарнасы дайындаған фильмді тамашалады.
Салтанатты жиында облыс әкімі А. Баталов ауыл шаруашылығы саласының қол жеткен табыстары мен келер жылға белгіленген міндеттері туралы баяндады. Сонымен қатар мемлекет қолдауының және қарапайым еңбек адамдарының білек күші, маңдай терінің арқасында аграрлық сала барлық бағытта жүйелі дамып келе жатқанын атап өтті.
- Алматы облысы – аграрлы аймақ. Қазіргі кезде аграрлық-индустриалдық бағытта дамып келеді. Тұрғындардың 80 % ауылдық жерлерде тұрады. Сондықтан ауыл шаруашылығы мен ауыл еңбеккерлерінсіз облысты дамыту мүмкін емес. Ауыл шаруашылығы біздің барлық жетістіктеріміздің негізгі өзегі болып отыр. Қажырлы және еселі еңбектеріңіз үшін сіздерге ризашылығымды білдіремін. Кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтап, дендеріңізге саулық, еңбектеріңізге жеміс тілеймін! – деді А.Баталов.
Мұнан кейін бірқатар азаматтарға облыс әкімінің Құрмет грамоталары мен алғыс хаттары, сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісі тапсырылды.
Жылдық жұмыс қорытындысы бойынша түрлі аталымдардың жеңімпаздары да анықталып, марапатталды. Атап айтқанда, «Үздік заңды тұлға» номинациясында «ӨтесБио Агро» ЖШС жүлдегер атанып, «Нива» автокөлігіне ие болды. «Үздік шаруа қожалығы» атанған Панфилов ауданының «Ернар» шаруа қожалығы да «Нива» автокөлігінің кілтін алды. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу кәсіпорындарының арасында оқ бойы озық шыққан «Байсерке Агро» ЖШС 350 мың теңге, жәрмеңке ұйымдастыру ісінде үздік деп танылған Алакөл ауданы 340 мың теңге, жәрмеңкеге белсене қатысқан Сарқан ауданы Алмалы ауылдық округі 175 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды.
T. Кіршібаев