Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы сарапшыларының мәліметінше, 2050 жылға қарай халықтың қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін азық өнімі қазіргіден әлдеқайда өседі. Демек күллі әлемнің ауыл шаруашылық компаниялары алдында қоршаған ортаны сақтай отырып, мол өнім алу міндеті тұр. Ал бұл міндетті орындап, мақсатқа жету үшін не істеу керек?
Мұның бір жолы - цифрлық технологияны оңтайлы пайдалану. Ауыл шаруашылығына цифрлық түрлендірулер енгізу әлем елдерінде әлдеқашан басталып кетті. Қазақстан бұл тұрғыдан қалыс қалып отырған жоқ. Осы сала бойынша сымсыз технологиялар, малды радиожиілік арқылы сәйкестендіру, үдерістерді және іс-қағаздарды автоматтандыру, ғаламтор қосымшалары, геоақпараттық жүйелер мен GPS пайдалану секілді жұмыстар қолға алынуда. Бұл цифрлық түрлендірулерді қарапайым шаруалар қолданбағанмен, ірі компаниялар сәтті жүзеге асырып келеді. Еліміздегі ендігі мақсаттың бірі – осы түрлендірулерді қарапайым шаруа маманы да қолдана алатындай межеге жеткізу.
Еліміздегі ауыл шаруашылығы саласын одан әрі дамыту үшін ауыл шаруашылығы өнімдерін қадағалауды автоматтандыруға бағытталған бірқатар іс-шаралар жоспарланған, бұл агроөнеркәсіптік өнімдердің бүкіл өмірлік циклін бақылауға мүмкіндік береді.
Қазақстанда ауыл шаруашылығы бағытын цифрландыруды іске асыру Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 14 ақпандағы № 420 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі 2017 – 2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жоспарланып отырғанын атап өту керек.
Бүгінде елімізде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде цифрлық технологияның үлесі көп емес. Егер үлесі артса, егіннің өсімі мен ауыл шаруашылығын жүргізуде шығындарды қысқартуға оң әсерін тигізері сөзсіз.
Әлемнің дамыған елдерінің (АҚШ, Канада, Аустралия, т.б) ауыл шаруашылығында цифрлық технологиялар кеңінен қолданылады. Бұл - ауыл шаруашылығы өнімдерінің айналымдық моделін өзгертетінін, өнеркәсіптік парктердің, ауыл шаруашылығы өнімдерінің электрондық саудасының дамуын ынталандыратынын, ауыл шаруашылығында цифрлық техникалық жетістіктерді көрсетуді және таратуды жылдамдататынын, олардың ерекшеліктеріне байланысты ауылдық аймақтардың экономикалық өсуіне ықпал ететінін айқын көрсетіп отыр.
Еліміздің ауыл шаруашылығында цифрлық технологияларды кеңінен қолдану ЖІӨ өсіміне, ауыл шаруашылығы салалары үлесінің өсуіне көмектеседі, саланың инвестициялық тартымдылығын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерінің әлемдік нарық экспортына әлеуетін танытады.