- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ауыл шаруашылығындағы субсидиялар...
Ауыл шаруашылығындағы субсидиялар саны қысқарады
Бүгін Астана қаласында Үкімет отырысы өтті. Ауыл шаруашылығы саласын, оның ішінде агроөнеркәсіптік кешенді дамытуда үлкен маңызға ие бағдарламаның бірегейі – "Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы". Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Евниев осы бағдарлама бойынша жүзеге асырылып жатқан және алдағы уақытта жасалатын жұмыстар бойынша баяндама жасады.
Вице-министр сөз басында ауыл шаруашылығындағы техника, қаржы, субсидия мәселелерін қысқаша айтып өтті.
"2018 жылы негізгі құралдарға арналған кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау, сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникалары мен жануарларының лизингі қалпына келтірілді. Биыл 10 айда 50 млрд теңгеден астам 2752 бірлік техниканы лизингке алу мүмкін болды. Өткен жылмен салыстыратын болсақ 40 млрд теңгеге, немесе 20 пайызға төмен 2400 техника берілді. Бағдаралма ағымдағы жылдың екінші жарты жылдығында іске асырыла бастағанын ескерсек, бұл – жақсы нәтиже. Жалпы 2018 жылы лизинг бағдарламасына 60 млрд теңгеге дейін қаржы бағыттау жоспарланып отыр", - деді Арман Евниев.
Ауыл шаруашылығы вице-министрінің айтуынша, саладағы инвестициялық субсидиялаудың тәсілдемелері өзгертіліп, соған байланысты инвестициялық салымдарды өтеу үлесі 25 пайыз болып бекітілді. Тек қана жайылымдарды суландыру инфрақұрылымын құрудың жобалары бойынша өтеу пайызы бұрынғы 80 пайыздық деңгейде сақталып қалды.
"Өткен жылы "ҚазАгро" желісі бойынша 45 млрд теңгеге 40 ірі инвестициялық жоба мақұлданса, биыл жыл басынан бері құны 104,5 млрд теңге 76 жоба мақұлданды", - деді Арман мырза.
Айта кететін ең негізгі ақпарат, Арман Евниевтің хабарлауы бойынша ендігі жылдан бастап тиімсіз субсидиялар қысқартылады. Ал мұндай субсидиялардың қатарына мал шаруашылығындағы өнімділікті субсидиялау, өсімдік шаруашылығындағы гектарлық субсидияны кіргізуге болады. Ал нақты айтсақ, қазіргі күні мемлекет қолдауымен ұсынылатын 54 субсидиядан тек 34 субсидия қалады. Ал басқалары мүмкіндігінше оңтайландырылып, биылғы жылдың соңына дейін толық автоматтандырылмақ.
А. Қажиев