Ауыл шаруашылығы министрлігінде пара алған шенеунік сотталды

Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы пара алғаны үшін сотталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қостанай қаласының №2 сотының үкімімен Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Д. Әбдікәрімов орта қауіпсіздікті түзеу мекемесінде мерзімін өтей отырып, 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.

"Ол жеке компаниялардың басшысы С.Оспановтан шегірткеге қарсы пестицидтерді жеткізу жөніндегі қызметтерді мемлекеттік сатып алу шартын жасағаны үшін 4,4 млн теңге сомасында пара алғаны үшін кінәлі деп танылды. Сот С.Оспановқа 3 жылға бас бостандығынан айыруды тағайындады", - деп жазылған Антикор мәліметінде.

Сонымен қатар сотталғандарға мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда қызмет атқаруға өмір бойы тыйым салынады.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, бұған дейін Алакөл мемлекеттік табиғи қорығының директоры сотталғаны хабарланды. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!