Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумында сөз сөйледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне ризашылығын білдірді.
"Ең алдымен, ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын деймін. Бұл нағыз еңбек адамдарының мейрамы екені сөзсіз. Диқандар, мал шаруашылығы мамандары, шаруалар – бәрі де еліміздің өсіп-өркендеуіне зор үлес қосып жатыр. Қажырлы еңбектеріңіз үшін сіздерге шынайы ризашылығымды білдіремін. Ауыл шаруашылығы – экономикамыздың стратегиялық мәні айрықша саласы. Бүгін, міне, ауыл шаруашылығына арналған екінші форумды өткізіп жатырмыз. Алқалы жиынға ауыл-аймақтардан көптеген білікті маман арнайы келіп, қатысып отыр. Сондықтан бүгінгі форумды жалпыұлттық ауқымдағы басқосу деуге болады. Жаңа сөз сөйлеген азаматтар салмақты ойларын айтты, ұсыныстарды мұқият қарап, міндетті түрде ескеру қажет", - деді Президент.
Мемлекет басшысы биыл диқандарымыз 27 миллион тонна астық жинағанын айтты.
"Ауыл шаруашылығы әрдайым мемлекет назарында. Президент ретінде мен осы саланың қарқынды дамуына ерекше мән беремін. Халқымыз "Егін ексе – ел тоқ" деп бекер айтпаған. Былтыр біз мол астық алып, соңғы он жылдағы рекорд көрсеткішке қол жеткіздік. Биыл да күзгі жиын-терін берекелі болды. Диқандарымыз 27 миллион тонна астық жинады. Әр аймақ ел қамбасына мол үлес қосты. Соның ішінде Ақмола облысы ең жоғары көрсеткішке (7,5 миллион тонна) ие болды. Қыркүйекте егін орағының барысын көру үшін облысқа арнайы барғанымды білесіздер", - деді Тоқаев.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!