- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ауыл мен қалада...
Ауыл мен қалада әртүрлі: Қазақстанда тәрбиешілердің жалақысы қандай?
Қазақстанда 11 602 мектепке дейінгі ұйым бар және 959 мыңға жуық бала тәрбиеленіп жатыр. Елімізде тәрбиешілерге қандай жағдай жасалып жатыр және олардың біліктілігін арттыру үшін мемлекет тарапынан қандай шаралар қарастырылған? ҚР Оқу-ағарту министрлігі тәрбиешілерге қатысты сауалға жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Тәрбиешілердің орташа айлық жалақысы қандай?
Мемлекет басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауы шеңберінде берілген тапсырмасын орындау мақсатында 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік білім беру ұйымдары педагогтерінің жалақысы төрт жыл ішінде екі есеге өсті. Бұдан бөлек, 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту педагогтерінің жалақысы 30%-ға арттырылды.
"Бүгінгі танда, білім беру ұйымы тәрбиешісінің орташа айлық жалақысы қалада 259 059 теңгені және ауылдық жерлерде 310 122 теңгені құрайды. Қазіргі уақытта педагогтердің жалақысын арттыру жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасы толық орындалды", - деді Министрлікте.
Балабақшалардағы тәрбиешілер жетіспеушілігі қалай шешіліп жатыр?
"Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту" бағыты мен мамандығы бойынша кадрлар даярлау 39 ЖОО мен 123 колледжде жүзеге асырылады.
"Академиялық дербестік шеңберінде педагог мамандығына кіруді және білім беру бағдарламаларының, оқыту әдістерінің мазмұнын қамтамасыз ету тәсілдері қайта қаралды. Мамандықтың беделі артып, еңбек жағдайлары жақсарып, педагогтердің құқықтары мен мүмкіндіктері кеңейтілді. Педагогтердің жүктемесін азайту бойынша шаралар қабылданды, еңбекті нормалау жүйесі, сондай-ақ демалыс уақыты әзірленді", - дейді ҚР Оқу-ағарту министрлігінде.
Министрлік тәрбиешілерге нақты қандай жағдайлар жасалғанын атап өтті:
- Мектепке дейінгі ұйымдар педагогтерінің есептілігі 2022 жылғы 1 қыркүйектен бастап үш құжатқа дейін төмендетілді;
- Педагог мәртебесін арттыру және олардың еңбегін материалдық ынталандыру мақсатында жыл сайын "Үздік педагог" республикалық конкурсы өткізіледі;
- Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді қоспағанда, білім берудің барлық деңгейлеріндегі педагогтердің біліктілік деңгейіне, құзыретіне, мазмұнына, сапасына және еңбек жағдайларына қойылатын талаптарды айқындайтын "Педагог" кәсіби стандарты бекітілді;
- 2023 жылдан бастап педагогтердің біліктілігін арттыру кемінде үш жылда бір рет жүргізіледі;
- ҚР "Педагог мәртебесі туралы" Заңына сәйкес тәрбиешінің мәртебесі педагогтерге теңестірілді, негізгі еңбек демалысының ұзақтығы күнтізбелік 56 күнге ұлғайды.
Балабақшалардағы тәрбиешілер біліктілігін тегін арттыра ала ма?
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, "Білім туралы" Заңға сәйкес жергілікті атқарушы органдар бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын мемлекеттік білім беру ұйымдары қызметкерлерінің біліктілігін арттыруды қамтамасыз етеді.
Біліктілікті арттыру курстары "Педагог мәртебесі туралы" заңның нормаларымен (18-бап) және Педагогтердің біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастыру және жүргізу, сондай-ақ педагогтің қызметін курстан кейінгі қолдау қағидаларының талаптарымен реттеледі.
"2023 жылы 20 390 педагог міндетті курстан кейінгі қолдаумен біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Сондай-ақ, Министрлік "Назарбаев зияткерлік мектептерінен" ДББҰ ПШО 1 975 педагогті, соның ішінде 713 жекеменшік мектепке дейінгі ұйым педагогін тегін оқыту мүмкіндігін қарастырды. Ағымдағы жылы мемлекеттік МДҰ-ның 15 665 педагогін оқыту жоспарланған, бүгінгі таңда 9 694 (48,1%) педагог курстан өтті", - деді Министрлікте.
2025 жылы 25 394 педагогті курстармен қамту жоспарланып отыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
А. Жапатова