Павлодар облысы Екібастұз қаласына қарасты Әлкей Марғұлан атындағы ауылдық округ әкімі Бауыржан Бозтаев жұмысқа арақ ішіп келген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның тәртібін әдеп жөніндегі комиссия қарап, Екібастұз әкімдігіне Бауыржан Бозтаевты қызметінен босату туралы ұсыныс жолдады.
46 жастағы Бауыржан Бозтаевтың бұл ауылға әкім болып тағайындалғанына көп бола қоймаған. Ол биылғы қаңтардың соңында өткен сайлауда көп дауыс жинап, жеңіп шыққан. Алайда сайлау қорытындысы үш күннен кейін ғана ресми жарияланды. Өйткені жеңіп шыққан әкім бірнеше күн хабарөошарсыз жоғалып кетіп, Екібастұз журналистері іздеу салған.
Журналистердің айтуынша, Бауыржан Бозтаевқа сайлауда жеңіп шыққаннан кейін әлдекімдер қысым көрсетіп әкім болудан бас тартуын талап еткен. Сол себепті біраз күн тығылып, телефонын өшіріп тастаған. Әлеуметтік желіде осы мәселе көтерілгеннен кейін Екібастұздың аумақтық сайлау комиссиясы үш күннен кейін сайлау нәтижесін жариялап, Бауыржан Бозтаевтың жеңгенін хабарлады.
Бауыржан Бозтаев 16 наурыз күні жұмысқа ішімдік ішіп келген. Оны медициналық куәландыру да растаған. Әкімнің өзі 15 наурызда тасқын суды тоқтатамын деп жүріп суық тигізіп алғанын айтқан. Содан кейін ем үшін аздап алкагольдік сусын ішкен. Әдеп комиссиясы шенеуніктің бұл әрекетін заңға қайшы деп, жұмыстан шығаруды ұсынды.
Есенбек Базарқұл
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!