Австралиялық Марк Истон есімді азамат Қазақстанға арнап күй шығарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24kz-ке сілтеме жасап.
Шетелдік музыканттың орындауындағы шығарма желіде кеңінен тарап, отандастарымыздың ықыласына бөленді.
Марк Истон домбырада ойнауды төрт жыл бұрын меңгерген. Алғашында, әлеуметтік желіден ұлттық аспапқа қатысты деректер іздеп, әуестігі арта бастаған. Осылайша, ол домбыра сатып алуды жөн көреді. Әуелде аспапты өз бетінше үйренуге тырысқан. Кейіннен онлайн домбыра үйірмесіне жазылады. Бұл оған жаңа достар табуға көмектесті.
"Өзіме тән стилімді сақтауға тырыстым. Мен бұрын-соңды болмаған, тың дүние жасағым келді. Бойымдағы дарынымнан айырылып қалудан қорықтым. Мен аздап рок жанрында ойнаймын, сондықтан қайтадан өз бетімше оқуға көштім. Қазақстанға бұған дейін бірнеше рет бардым, түрлі адамдармен кездестім. Олардың көп көмегі тиді. Бұл елге барғанды жақсы көремін. Мұнда достық, сыйластық өте жақсы қалыптасқан", - деді музыкант Марк Истон.
Марк Истон ес білгелі музыкамен шұғылданады. Жасөспірім кезінде джаз жанрына қызыққан. Есейген соң панк-рок стиліне көшкен. Қазір блюз бағытында домбырамен өзінің жеке шығармаларын жазады. Қазір "Қазақстан" атты күйі бар.
"Мен композитор әрі домбырашы Ғаламат есімді азаматпен таныстым. Оның ұлттық аспапта шебер ойнағанын көріп таң қалдым. Сазды әуеннен шабыттанып музыка жазуға бел будым. Бұл шығарманы сол жігіттің құрметіне атағым келді. Бірақ атауы тым күрделі болып кететінін түсініп жай "Қазақстан" деп қалдыруды құп көрдім. Осы әуенді Австралияда шығарған альбомыма енгіздім. Қазір Spotify-ға салынған әр туынды бүкіл әлемге таралады", - деді музыкант Марк Истон.
Күйдің бейнежазбасы желіде кеңінен тарады. Перуден Қазақстанға дейін, әлемнің әр түкпірінен тамашалаған көрермен австралиялық азаматтың өнеріне тәнті болды. Ал Марк Истон шығармашылыққа қатысты жоспары көп екенін айтады. Бүгінде ол "Алматы" атты композициясын аяқтап, клип түсірген.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
С. Бөлек