Аустралия 2026 жылғы 28 қарашадан бастап шетелдік саяхатшыларға арналған виза рәсімдеу тәртібін өзгертеді, – деп хабарлайды Massaget.kz.
Жаңа талаптарға сәйкес, қонақ визасымен келген туристер ел аумағында жүріп, басқа санаттағы визаға өтініш бере алмайды. Жаңа рұқсат алу үшін көп жағдайда елден шығуы қажет.
Елдің генерал-губернаторы Саманта Мостин көші-қон ережелеріне енгізілетін тиісті өзгерістерді мақұлдады. Жаңа талаптар Visitor (600), ETA (601) және eVisitor (651) санатындағы визаларға қолданылады. Visitor визасы Аустралияға туристік мақсатпен баруға, туыстарды зиярат етуге және қысқа мерзімді іскерлік іс-шараларға қатысуға мүмкіндік береді. ETA рұқсаты белгілі бір мемлекеттердің азаматтарына электронды форматта рәсімделеді. Ал eVisitor визасы Еуропаның бірқатар елінің азаматтарына туристік немесе іскерлік сапарлар үшін тегін беріледі.
Негізгі өзгеріс 8503, яғни No Further Stay талабына байланысты. Бұл шарт визасы бар шетелдіктің Аустралия аумағында жүріп, елде қалу мерзімін ұзарту немесе басқа санаттағы визаға өтініш беру мүмкіндігін шектейді. Сондықтан жаңа виза алуды жоспарлаған азаматтар көп жағдайда елден шығып, құжаттарын Аустралиядан тыс жерде тапсыруға тиіс болады.
Жаңартылған тәртіп 2026 жылғы 28 қарашадан бастап берілетін визалық өтініштерге қатысты қолданылады. Осы мерзімге дейін рәсімделген визалар бұрын белгіленген талаптарға сәйкес жарамды болып қала береді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!