Australian Open: Путинцева екінші айналымда қытайлық теннисшімен кездеседі

Australian Open: Путинцева екінші айналымда қытайлық теннисшімен кездеседі
Фото: Қазақстан теннис федерациясы

Әлемнің 23-ракеткасы Юлия Путинцева Аустралия ашық чемпионатының екінші айналымына шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін дүниежүзілік рейтингіде 41-орында тұрған армениялық Элина Аванесянмен өткізді.

Бірінші партияда армениялық теннисші сәттірек ойнады - 6:4. Екінші сетте Путинцева брейкпен алға кетті - 2:0. Бірақ сетке доп бергенде Аванесян таразы басын теңестірді - 5:5. Дегенмен Юлия тағы бір брейк жасап, дегеніне жетті - 7:5. Үшінші, шешуші партияны да Путинцева брейкпен бастады - 2:0. Сосын тағы бір брейкпен есепті 5:2-ге жеткізді. Содан кейін матчқа доп бергенде есесін жіберген жоқ - 6:2.

Юлия Путинцева үшінші айналымға шығу үшін рейтингіде 204-сатыдағы қытайлық Чжан Шуаймен шеберлік байқастырады.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Аустралия ашық чемпионатын сәтті бастағанын жазған едік. Ол бірінші ойында қарсыласын айқын басымдықпен ұтып шықты.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан