Оралда қатаң режимдегі колонияда сотталған адам оған көмек көрсеткісі келген медицина қызметкерлерін ұрып тастаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.
Телеарна мәліметінше, үш адам жарақат алған. Олардың сөзінше, ер адам ұсынылып отырған еммен келіспеген. Ер адам алғашында фельдшерді қорлай бастаған. Содан кейін күзетші тұтқынды камераға алып кеткен. Алайда ол қайтып келіп, медициналық пункттің қызметкерлеріне шабуыл жасаған. Дәрігерлердің айтуынша, ол біреуінің арқасынан теуіп, екіншісінің иығынан теуіп, үшіншісінің бетінен ұрған.
"Бұл адам алдымен мені балағаттады, мен оған ескерту жасадым. Жақын жерде колония қызметкері болды, ол да ескертті. Бірақ елемей, мені ұра бастады", - дейді фельдшерлердің бірі.
"Мен кабинетке кірдім, сотталған адам маған қарай жүгірді. Ештеңе түсініп үлгермедім. Енді ол кабинетке кірмеймін, қауіпті. Мұнда сотталғандар режимдік мекемеде емес, ауруханада жатқандай емін-еркін жүреді, - дейді тағы бір фельдшер.
Дәрігерлер тәртіпті қатаңдату керек екенін айтып отыр.
"Шынында да, кеше медициналық қызметкер мен сотталған адам арасында медициналық көмек алу мәселесі бойынша жанжал болды. Қазір қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр. Мекеме штаттық режимде жұмыс істейді, медицина қызметкерлері функционалдық міндетіне сәйкес жұмыста. Қазір анық-қанығын жариялай алмаймын, бірақ медицина қызметкерлерінің жанында адамдар болады, әскери қызметшілер медициналық бөлімде де бар", - деді БҚО бойынша ҚАЖД бастығының орынбасары Асқар Тілегенов.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!