Өңірдегі Қайнар ауылында тұратын Бибәтима Ыбырайхан 70-ке таяса да, қол қусырып отыру дегенді білмейді. Сақардан сабын жасап, табыс тауып отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Өзінің айтуынша, сабын әзірлеуге алабота шөбі қолданылады. Алдымен соны шауып, жеткілікті етіп жинайды. Сосын өртеп, күлін суға қайнатады. Қазір алпыстың жетеуін толтырса да, құрамын дайындауда жаңылысқан емес. Ал күлді суға қайнату нәтижесінде ақ ұнтақ пайда болады, соны сақар дейді. Оған қой немесе сиыр майын қосып, бір сағаттай қайнатады.
"Бұдан соң қалыпқа салып қатырамыз. Сақардың жасалуы осылай. Табиғи таза өнім болғандықтан емдік қасиеті мол. Айталық, жаңа туған сәбиді қырқынан шыққанша сабын қосылған суға шомылдырса, көптеген ауру-сырқаудың алдын алуға болады", – деді ол.
Бибәтима Ыбырайхан сабын жасаудың бұл әдісін өзінің шешесінен үйренген. Зайсан ауданының тумасы ол кезде 16 жаста болды.
Ал ыстығы көтерілген нәресте сауығып кетуі үшін сақар сабынды құлағына, шекесіне, өкпесіне жаққан дұрыс. Кейбір адамның шашы түсіп, басы жиі қышиды. Бибәтима әженің сөзінше, осы сабынмен жиі жуса ем. Безеу мен түрлі жараларға да жарайтын көрінеді. Оны жасауға кететін уақыт – екі сағат.
"Сабынды тапсырысқа байланысты жасап тұрамын. Жарнама жасаған емеспін. Кейбірі мал жарасы үшін пайдаланады. Қазір бір сабын 2000 теңге, егер 30-дан артық алса, 1500 теңгеден сатамын. Май да қымбаттады, соған байланысты бағаны көтердім. Тапсырыс көбінде Астана, Алматы, Ақтөбе қалаларынан түседі", – деді 70-ке таяған әже.
Бибәтима Ыбырайхан бүгінде 9 баладан 24 немере, 2 шөбере сүйіп отыр. Құдай қуат берсе, осы ісін жалғастыруға ниетті. Бұл үшін өзінің қос ұлы көмек қолын созады.
Асыл Бигелді
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!