Желіде сәбиге хиджама жасалып жатқан видео қызу талқыға түсті. Әлеуметтік желі қолданушылары бұл дұрыс емес екенін жазып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Видео хиджама орталықтардың бірінде жарияланды. Бейнероликте орталық мамандары кішкентай сәбидің маңдайы мен басын тіліп, қан шығарады. Видео авторларының сөзінше, бұл "сәби қой ауруын қию".
Бұл видео Желіде дау тудырды. Желі қолданушылары бұл дұрыс емес екенін, балаға зиян процедура екенін жазып жатыр.
Белгілі педиатр Ғалия Батыржанқызының айтуынша, балаларға хиджама жасауға болмайды.
"Дәстүрлі медицинада балаларға еш уақытта хиджама жасауға болмайды. Себебі балалар қанның кетуіне өте қатты сезімтал. Қазіргі таңда балаларда онсыз да анемия көп кездеседі. Ал анемия кез келген аурудың алдын ала болатын процесі. Яғни анемия салдарынан көптеген ауру дамуы мүмкін. Ал хиджама немесе соған ұқсас дәстүрлі емес медицина, қан шығару салдарынан балаларда ауру пайда болуы мүмкін", - дейді маман.
Ғалия Батыржанқызы хиджама жасайтын орталықтардың медициналық лицензиясын тексеру керегін атап өтті.
"Хиджама жасайтын мамандарды да тексеру керек. Себебі қанмен жұмыс істеу үшін көптеген құжат жинау керек. Оның лицензиясын алу оңай емес", - дейді педиатр.
Маман қой ауруына қатысты пікір білдірді.
"Қой ауруы көбіне Атырау, Орал жақтарда болады екен. Бірақ қой ауруы деп атауға - дәрумен жетпеуі себеп екен. Жүктілік кезеңдегі анада анемия болғандықтан балада сол ауру пайда болады. Сол аймақтарда қой ауруы деп аталып, осындай хиджама жасатып жатады екен. Мұндай дәстүрлі емес медицинаны көзі ашық адам, дәрігер қолдамайды. Қой ауруы деген жоқ. Ол медицинада рахит, гипертонус деп аталады. Яғни ол балаға дәрумен беру арқылы, дәрігер толыққанды тексеріп, анемия болса емдеп, массаж, бассейнге апару арқылы, ата-анасының махаббаты арқылы емделетін ауру түрі", - деп түсіндірді маман.
Еске салайық, бұл оқиғаға қатысты денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният та пікір білдірген болатын.
"Менің көзқарасым - адамдар дәстүрлі емес медицинамен айналысады. Олар медициналық көмек көрсетсе, лицензия болуы (өзінің қызметін - еск.) және лицензияланған қызмет көрсетуі керек. Бүгінде хиджама лицензияланған медициналық көмек түріне жатпайды. Сондықтан осы дерек бойынша комитет айналысып жатыр және тергеу жүргізеді. Болашақта бұл сұрақтарды (бақылауға аламыз - еск.)", - деді министр Сенат кулуарында журналистердің сұрақтарына жауап беріп.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!