- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Аулам суға толды"....
"Аулам суға толды". БҚО-да тасқын судың беті қайтпай тұр
Батыс Қазақстан облысында су тасқынына қарсы белсенді жұмыс жалғасып жатыр. Сырым және Теректі аудандарынан эвакуацияланған 30-ға жуық тұрғын үйлеріне қайтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Су басқан 6 үйден су толық сорып алынған. 33 адам уақытша эвакуация пункттеріне орналастырылса, 206 адам туыстарын паналаған. 280-нен аса мал қауіпсіз жерге шығарылды.
Кейінгі тәулікте 4000-ға жуық инерт материалдары бар қап жиналып, қауіпті аймақтарға төселген. 30 мың текше метрден аса су сорылған. Тұрғындар да бейнетпен салған үйлерінің жайына алаңдап отыр.
"Үш-төрт күннен бері аулам суға толды. Әжетхана, септик, гараж су толып тұр. Әйел, бала-шағамды қаладағы туыстарыма апарып тастадым. Қасымдағы көршілердің үйіне су кетіп жатыр. Резіңке етіктің өзімен жүру мүмкін емес. Үйімнің іргетасы биік болғандықтан, шыдап тұр. Бірақ сәл көтерілсе, үйге кіреді. Қазір сол бірнеше жыл еңбектеніп салған үйімді қарайлап жүрмін. Жоғарыдан келіп жатқан еріген қар суы әзірге басылар емес", - деді "Венера" саяжайының тұрғыны Нұрлыбек Бөкешов.
Батыс Қазақстан облысында су тасқыны басталғалы тәулік бойы жүргізілетін жұмыстар нәтижесінде 340 мың текше метр су шығарылды. 1000-ға жуық жеке құрам жұмыс істеп жатыр. Жедел желі бойынша 189 қоңырау түскен.
Қазір 54 тұрғын үйдің аумағында су тарту және су бұру арналарын тарту бойынша жедел жұмыстар жүргізіліп жатыр. Кейінгі тәулікте 76-дан аса құтқарушы техникаларымен қоса Деркөл өзенінің жайылма аймағында орналасқан Маштаково ауылының 80-ге жуық тұрғынын эвакуациялауға жұмылдырылды.
Айгерім Ғалым
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова