Ауладан Чемпиондар лигасына дейін: Super Bol деген не?

Ауладан Чемпиондар лигасына дейін: Super Bol деген не?
Фото: instagram.com/superbol.kz/

Аулада доп ойнап жүрген жігіттер Еуропаның ірі клубтарының скауттары алдында өзін көрсетуге мүмкіндік алады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі TengriSport-қа сілтеме жасап.

Мамыр айында Super Bol жобасының скауттары Қазақстанның 14 қаласын аралап, реалити-шоудың екінші маусымына қатысуға өтініш жіберген 16 мыңнан астам баланы қарады. Олардың үздіктері Алматыда өтетін финалдық кастингіге шақырылды.

Super Bol әуесқой футболшыларға Қазақстанның үздік стадиондарында өзін көрсетуге мүмкіндік береді. Ал қатысушыларды "Қайрат" футбол клубының базасында жаттықтырады.

Мәселен, жобаға 18 жасында ғана футбол ойнай бастаған 22 жастағы қорғаушы Диас Бақыт қатысты, бұған дейін ол күреспен, бокспен және баскетболмен айналысқан. Бірақ Диас футболға "кеш" келген жалғыз қатысушы емес.

Шабуылдаушы Исраэль Обаридің де оқиғасы ерекше. Ақпанның соңында 20 жастағы нигериялық жігіт Алматыға жаңа өмір бастауға келген. Көктемде ол қаладағы екі мейрамханада ыдыс жуушы және бариста болып жұмыс істеді, сонымен қатар сылақшы болды. Кейін жоба туралы естіп, өз бағын сынап көруді шешкен.

Жобаның басты мақсаты – қатысушыларға өз армандарын жүзеге асыруға көмектесу. Ең талантты ойыншылармен ҚПЛ мен Қазақстан бірінші лигасының командалары келісімшарт жасайды. QJ league жеңімпазы келесі маусымда Жасөспірімдер арасындағы чемпиондар лигасына қатысады.

Осы айдың соңында, 29 шілде күні Астанада Super Bol командасы QJ league құрамасына қарсы кездесу өтеді.

Матч 20:00-де басталады. Матчқа шетелдік клубтардан 20-ға жуық жетекші скаут келеді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан