Аула кімнің меншігі және оны күтіп ұстауға кім жауапты?

Пәтер сатып алғанда, сіз тек үйдің ішіндегі шаршы метрді ғана емес, ортақ мүліктің де бір бөлігін иеленесіз. Оған кіреберіс, лифт, шатыр, инженерлік желілермен қатар, үй орналасқан жер телімі, аула, балалар алаңы, автотұрақ пен жасыл желек те кіреді. Бірақ тұрғындардың көбі осы мүлікке кім жауапты екенін біле бермейді.

Ауланың жағдайы пәтер бағасына әсер ете ме? Ортақ аумақты күтіп ұстау кімнің міндеті? Бұл туралы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының сарапшылары Александр Разумовский мен Павел Шульгин айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Tengri Номе-ге сілтеме жасап. 

Аула кімнің меншігі?

Көпқабатты үй тұрғындары үшін таза аула, жарықтандырылған жол, балалар алаңы мен орындықтардың болуы қалыпты жағдай сияқты көрінеді. Қыста қар тазаланып, жазда көгалдар күтіліп, ағаштар уақытылы бұталып тұруы керек деп есептейміз.

Алайда осының бәріне кім жауапты деген сұраққа келгенде, көпшілік ойланып қалады.

"Тұрғын үй қатынастары туралы" заңға сәйкес, үйдің ортақ мүлкі пәтерлер мен тұрғын емес үй-жайлардың иелеріне тиесілі. Демек, аула да тұрғындардың ортақ меншігі саналады. Ол әкімдікке, МИБ-ке немесе басқарушы компанияға тиесілі емес.

Сарапшылардың айтуынша, тұрғындар ауланың таза әрі жайлы болғанын талап еткенімен, оны кейде өздеріне қатысы жоқ аумақ сияқты қабылдайды. Ал ортақ мүлікке ешкім жауап бермейтін дүние ретінде қарау оның жағдайының нашарлауына әкеледі.

Ауладағы тұрақ үшін көршілер неге жиі дауласады?

Көпқабатты үйлерде балалар алаңы, автотұрақ, жарықтандыру мен көгалдандыру мәселелері бойынша тұрғындар арасында келіспеушілік жиі болады.

Мысалы, біреулер жаңа ойын алаңын орнатуды қолдаса, енді бірі оған қосымша қаражат жұмсауға қарсы. Кейбір тұрғындар ортақ дауыс беруге де қатыспайды. Соның салдарынан нақты шешім қабылданбай, мәселе шешімін таппай қалады.

Сарапшылардың пікірінше, тұрғындар ауланы ортақ мүлік ретінде қабылдап, оның жағдайына бірге жауап берген үйлерде тазалық пен тәртіп те жақсы сақталады. Балалар алаңы жаңартылып, жарықтандыру жақсарып, қауіпсіздік деңгейі артады.

Ал ауланы бөтеннің мүлкіндей көретін үйлерде уақыт өте келе мәселелер көбейіп, көршілер арасында дау туындайды.

Бұл әсіресе автотұрақ мәселесінен анық байқалады. Әркім кіреберіске жақын орналасқан ыңғайлы орынды өзіне тиесілі санайды. Алайда аула – барлық тұрғынға ортақ аумақ. Сондықтан оны пайдалану тәртібі де меншік иелерінің ортақ шешімімен белгіленуі керек.

"Аула – ортақ мүлік. Сондықтан оны қалай пайдалану керектігі жөніндегі шешім барлық меншік иесінің мүддесі ескеріле отырып, бірлесіп қабылдануы керек", – дейді "Құқық аумағы" республикалық қоғамдық бақылау тобы кеңесінің төрағасы Александр Разумовский.

Ауланың жағдайы пәтер бағасына әсер ете ме?

Пәтер сатып алатын кезде адамдар оның ауданына, орналасқан жеріне және жөндеу жұмыстарының сапасына ғана емес, үйдің айналасындағы жағдайға да назар аударады.

Ауладағы тазалық, қауіпсіздік, автотұрақтың болуы, жарықтандыру, балалар алаңы мен жасыл желектің жай-күйі де сатып алушының таңдауына әсер етеді.

Сондықтан сарапшылар ауланың жағдайы жылжымайтын мүліктің нарықтағы құнына ықпал ететінін айтады.

"Үйдің айналасы қаншалықты жақсы күтілсе, оның сатып алушылар үшін тартымдылығы да соншалықты артады. Сол себепті ауланы абаттандыруға жұмсалған қаражатты жай шығын деп қарастыруға болмайды. Бұл – өз мүлкіңнің құнын арттыруға салынған инвестиция", – дейді Басқарушы компаниялар республикалық қауымдастығы басқармасының төрағасы Павел Шульгин.

Оның айтуынша, жайлы қала әр үйдің ауласынан басталады. Мыңдаған аула бірігіп, ауданды құрайды, ал аудандардан тұтас қала қалыптасады. Сондықтан тұрғындар өз ауласының жағдайына бейжай қарамауы керек.

Ауланың тазалығы – ортақ жауапкершілік

Қорыта айтқанда, аула – үйдің жанындағы жай ғана бос кеңістік емес. Ол – тұрғындардың ортақ меншігі. Сондықтан оны күтіп ұстау, абаттандыру және қауіпсіздігін қамтамасыз ету де баршаға ортақ міндет.

Тұрғындар өз ауласының жағдайына жауапкершілікпен қарап, маңызды мәселелерді бірлесіп шешсе, үйдің айналасы да жайлы бола түседі. Оның үстіне, бұл пәтердің нарықтағы тартымдылығына да әсер етуі мүмкін.

Авторлардың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!