Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев президент іске асыруды тапсырған "Әлеуметтік әмиян" жобасына пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда "Әлеуметтік әмиян" жобасын жүзеге асыруды тапсырған еді.
Нартай Сәрсенғалиев жоба әлеуметтік саладағы әділетсіздікті жоюға септігін тигізеді деген пікірде.
"Бүгінде біз Әділетті Қазақстан принциптерін орнатып жатырмыз. Оның ішінде әлеуметтік әділеттілік мәселесі өте өзекті. Бұл мәселе 42 500 теңгеден басталған. Онда не болғанын өзіміз көрдік. Азаматтарға, көпбалалы отбасыларға мемлекеттен тиісті қаражат бөлінеді. Осы кезде кейбір адамдар жауапкершілікті былай қойып, үлкен коттеджі, "джипі" болса да мемлекет берген азық-түлік пен әлеуметтік төлемді алады. Бұл мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев назар аударып, тиісті мемлекеттік органдарға мәселені шешуді, тиісті жобаны іске асыруды тапсырды. Енді 2025 жылдан бастап тек әлжуаз топтар ғана мемлекеттен тиісті әлеуметтік төлемді алады", - деді депутат.
Сондай-ақ ол МӘМС жүйесіне қазақстандықтардың көңілі толмайтынын атап өтті.
"Халықпен кездескенде олар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінің дұрыс жұмыс істемейтінін айтып шағымданады. Бұл пікірге 100 пайыз қосыламын. Бұған дейін мен Денсаулық сақтау министрлігіне "Жұмысты жүйелеп алғанша МӘМС-тің жұмысын тоқтата тұратын шығарсыздар" деп айттым. Өкінішке қарай, бұл жүзеге аспады", - деді Нартай Сәрсенғалиев.
Депутаттың пікірінше, салада жүйелі жұмыс жүргізілмейді.
"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев екі проблемаға тоқталды. Біріншіден, медициналық мекемелер емдеу мүмкіндігі бола тұра, халықты ақылы медициналық орталықтарға жіберуі. Екіншіден, халықты апталап, айлап, ауруханаға кезекке қою мәселесі. Бұл дереу шешуді талап ететін проблема. Жалпы бұл салада жүйелі жұмыс жүргізілмейтінін көріп отырмыз. Мысалы, бір жылда бюджеттен медицинаға 3,3 триллион теңге бөлінді. Бұл қомақты қаражат, мемлекеттік бюджеттің 10 пайызынан асады, ал нәтиженің қандай екенін өздеріңіз көріп отырсыздар", - деді ол.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!