Ауғанстан билігі Өзбекстан шекарасына бес снаряд құлаған оқиғаға қатысты тергеуді бастады. Бұл туралы Ауғанстан Сыртқы істер министрлігі мәлімдеді, - деп хабарлайды RT арнасы.
Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Абдул Кахар Балхи бір күн бұрын шекаралық аймаққа сегіз зымыран құлағанын, оның бір бөлігі Ауғанстан, ал тағы бір бөлігі Өзбекстан аумағына түскенін айтты.
"Қауіпсіздік күштері дереу оқиға орнына жетіп, тергеу жұмыстарын бастады. Кінәлілерді анықтау және ұстау бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Соңғы он айда жаудан айтарлықтай қауіп төнген жоқ, қазір ол екі дос ел арасындағы қарым-қатынасты бұзу үшін түрлі әрекеттер жасап жатыр", - деді Абдул Кахар Балхи.
Еске салайық, 5 шілдеде Өзбекстанның шекаралас аумағына Ауғанстан аумағынан бес реактив снаряд құлады.