"Ауғанстан қоғамы жарылып кетпегені бізге керек". Тәліптердің Қазақстанға келуінен қорқу керек пе?

"Ауғанстан қоғамы жарылып кетпегені бізге керек". Тәліптердің Қазақстанға келуінен қорқу керек пе?
Фото: primeminister.kz

2 тамызда Ауғанстан өкілдері Қазақстанға келді. Қоғамда осы мәселе қызу талқыға түсті. Massaget.kz тілшісі саясаттанушылармен сұхбаттасып, қазақстандықтар тәліптердің келуінен қауіптенуіне негіз бар-жоғын сұрады.

"Талибан" қозғалысы туралы не белгілі?

2021 жылы тамызда "Талибан" радикал қозғалысының содырлары (Қазақстанда террористік деп танылған және тыйым салынған) Ауғанстан астанасы Кабулға кіріп, президент сарайын басып алды.

Тәліптер Кабулдағы президент сарайында отыр. © Al-Arabiya

Осылайша, 15 тамызда "Талибан" террористік қозғалысы Ауғанстанның бүкіл аумағын бақылауға алғанын жариялады. Ал Ауғанстан президенті Ашраф Ғани отставкаға кетуге келіскенін, Кабулдан Тәжікстанға ұшып, ол жерден үшінші елге баратынын хабарлады.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Ауғанстанды "Талибан" радикал қозғалысының содырлары басып алуын және Кабулдың құлауын "жантүршігерлік оқиға" деп бағалады.  Осы жағдайлардан кейін Ауғанстанның ішінде дүрбелең бола бастады. Мәселен, елден қашқан ауғандар әуежайға ағылды, кейін жұмыс істейтін әйелдердің құқығы шектелді, қыздардың мектепте оқуына тыйым салынды. Сондай-ақ, тәліптер наразылыққа шыққан тұрғындарға оқ жаудырды, тіпті әйелдерге де оқ атудан тайынбады.

Бұл жағдай әлем елдерін де алаңдатып қойды. Бірақ сол кезде қазақстандық саясаттанушылар Ауғанстандағы жағдайға байланысты Қазақстанға келер тікелей қауіп жоғын айтқан еді. Ал кейбір саясаттанушылар елге босқындармен бірге діни экстремизм өкілдері де кіріп кетуі, олар Орталық Азия мен Қазақстан халқына заңды бұзбай-ақ идеологиясын жүргізіп отыруы мүмкін екенін айтқан болатын.

Ал кейінірек сол кездегі сыртқы істер министрінің орынбасары Ақан Рахметуллин Ауғанстанда шамамен 13 этникалық қазақ отбасы тұратынын, оларға елшілік көмек көрсететінін, бәрі бақылауда болатынын мәлімдеген еді.

2 жылдан кейін тәліптердің Қазақстанға келуі: қоғам қалай қабылдады?

Билікті толық қолына алғанына 2 жыл өткен соң ауған өкілдері Қазақстанға келді. Дәлірек, Ауғанстанның өнеркәсіп және сауда министрі Нуриддин Азизи бастаған 210 адамнан тұратын бизнес-делегацияны 2 тамызда әуежайда ҚР премьер-министрдің орынбасары - сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин күтіп алды. 

primeminister.kz

Бұл сапар әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсті. Көпшілік өз елінде дүрбелең туғызған қозғалыстың Қазақстанға келуіне үрке қарады. Тіпті екі ел арасындағы сауда қатынасын сынағандар да табылған.

"Кеше ғана террористік ұйым деп танып жатқан Талибан енді алшаң басып, Астанада жүр. Ұн алайық, май сатайық деп. Қызық заманда өмір сүріп жатырмыз жалпы", - деп жазған блогер Өркен Кенжебек.

Мұндай пікірлерді әлеуметтік желілерден көп байқауға болады.

"Тек бизнес, бизнес". Тәліптермен байланыс экономикалық жағынан тиімді болуы мүмкін бе?

Ауғанстан өкілі журналистердің Талибан әлемде террористік ұйым деп танылуы туралы сұрағына жауап беруден бас тартқан еді.

"Тек бизнес, бизнес", - деп жауап берді ол.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Orda.kz (@ordakazakhstan)

Үкімет мәліметінше, Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы тауар айналымы былтыр 987,9 миллион доллар көлемінде болды. Ал биыл 5 айда екі ел арасындағы сауда-саттық көлемі 316,6 миллион доллар болған, оның 310 миллион доллары қазақстандық экспортқа тиесілі.

"Қазақстанның Ауғанстанға азық-түлік, мұнай-химия, химия, металлургия, жеңіл, машина жасау салаларында жалпы 500 миллионнан аса сомаға экспорт жасау әлеуеті бар", - делінген Үкімет мәліметінде.

Сондай-ақ, Үкімет мәліметінше, Қазақстан - Ауғанстан нарығына ірі азық-түлік жеткізушісі. Қазақстандық экспорттың ең үлкен үлесі ұн мен бидайға тиесілі екен. Былтыр Ауғанстан 1,28 миллион тонна қазақстандық ұнды импорттап, Өзбекстан және Тәжікстанмен қатар осы өнімді тұтынушы негізгі үш ел арасында көш бастаған.

"Ауғанстан халқы шамамен 40 миллион адамнан тұрады. Бұл ретте еліміз сауда-саттық саласында қызығушылық танытып отырған Пәкістан мен Үндістанның, сондай-ақ, Таяу Шығыстың жақын маңдағы кең нарықтарына шыға алады. Осы тұрғыда Қазақстанның Ауғанстан арқылы өтетін сауда бағыттарын әртараптандыру сауда қатынастарын дамытуға және екі елдің экономикасын нығайтуға ықпал ететін болады", - делінген хабарламада.

Қорқуға себеп бар ма? Саясаттанушылар қандай пікірде?

Саясаттанушы Асхат Қасенғали Ауғанстан өкілдерінің Қазақстанға келуінің ұтымды жағы көп екенін айтады.

"Көпшілік түсінбей жатыр. "Тәлібтер лаңкестер ғой, олармен қандай форум өткізуге болады" деген пікір айтып жатыр. Оларға деген көзқарас қандай болса да, "мемлекеттік мүдде" дегенді ешкім ысырып тастамайды", - дейді сарапшы.

Сонымен, Асхат Қасенғалидің пікірінше, Қазақстан мен Ауғанстанның арасында мына себептерге байланысты байланыс орнату маңызды.

"Орталық Азия елдеріндегі тыныштық бұзылады". Неге?

- Ауғанстанда 38-40 миллион арасында халық тұрады. Нақты санын БҰҰ-да, Ауғанстанның өзі де білмейді. Елде халық санағын жүргізу нақты сандарды көрсетпейді. Ұрыс қимылдарынан көшіп-қонып жүрген халық, кей провинцияда тіпті кіру мүмкін емес. Сондықтан шамамен 38 миллион халық деп алайық. Бүгінде сол 38 миллион халық аштық алдында. Нан жетіспейді, ұн жоқ. Ауғанстандағы әлеуметтік жағдай ушыға берсе, аштық болады, ішкі қақтығыс күшейеді. Салдарынан миллиондаған адам босқын атанады. Босқындар үш бағытқа кетеді. Дәстүрлі бағыт Иран мен Пәкістан (бұл елдердің әр қайсысында қазір 3 миллионға жуық ауған босқындары бар). Үшінші бағыт Орталық Азия. Ол Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан. Орталық Азия елдеріндегі тыныштық бұзылады. Босқындармен бірге лаңкестік көзқарастағы азаматтар мен ұйымдар да аймаққа кіруі мүмкін. Сондықтан Ауғанстандағы тұрақтылыққа мүдделі тараптың бірі - бізбіз. Қазақстан - Ауғанстанға ұн мен астық сатуда көшбасшы ел. Олар біздің ұнға, астыққа тәуелді, сол үшін де бізбен келіссөз жүргізуге және біздің де шарттарды тыңдауға мүдделі.

"Тәліптермен жақсы қарым-қатынас болғаны абзал". Неге?

- Картаны ашып қарасаңыз, Ауғанстанның қайда орналасқанын көресіз. Ауғанстан - 220 миллион халқы бар Пәкістанға баратын тікелей жол. 220 миллион халық дегеніміз - үлкен нарық. Қазақстан Өзбекстан-Ауғанстан-Пәкістан жолымен сауда жасаса болады немесе Түрікменстан-Ауғанстан-Пәкістан жолын салса да мүмкіндік бар. Ол үшін ең алдымен тәліптермен байланыс және жақсы қарым-қатынас болғаны абзал. Яғни Ауғанстан - біз үшін Пәкістанға баратын транзит жолы.

Тәліптердің Орталық Азиядағы суға қандай қатысы бар?

- Орталық Азиядағы басты мәселе не? Әрине, су. Біздегі өзендердің көбісі трансшекаралық. Ол жайлы талай жазылды. Арал теңізінің 80 пайыз тартылып қалғанын барлығымыз білеміз. Балығы тайдай тулаған Аралдың бұрынғы кейпі жоқ. Ол мүлде жойылып кетпеуі маңызды. Бүгінде тәлібтер Әмударияны бөгейтін алып Күш-Тепа бөгетін салып жатыр. Оның ұзындығы 285 шақырым, ал ені 100 метр болмақ. Егер бұл бөгет салынса, онда Өзбекстан мен Түрікменстан судан тапшылық шегеді. Мына салынып жатқан бөгет апатты ушықтырып жіберетіні анық. Сондықтан тәлібтермен су мәселесі бойынша да келісу қажет. Ол үшін тағы да "Талибанмен" (ұнасын-ұнамасын) байланыс болуы маңызды.

Айта кетейік, бұған дейін америкалық сарапшылар Орталық Азияда су үшін соғыс болуы мүмкін екенін, бұған тәліптердің де қатысы барын болжаған еді.

Ауғанстандағы қазақтардың жағдайы 

- Бізге керегі сол жақтағы қазақтар ғой. Ауғанстанда қанша қазақ бары нақты белгісіз. 500-ден бастап 2 мыңға дейін дейді деректер. Қанша қазақ болса да, оларға этникалық тұрғыдан тиіспеу үшін де тәліптермен байланыс керек, қарым-қатынас болуы қажет.

"Ауғанстан қоғамының жарылып кетпеуі бізге керек"

- Ауғанстандағы дін және лаңкестік мәселесін алып қарайық. Ислам дінінің екі тармағы да бар. 80 пайыз сүннит, 20 пайыз шиит. Өзге діндерді есепке алмағанда. Міне, осы екі тармақ арасында қайшылық бар. ДАИШ (ИГИЛ) біресе сүннит, біресе шиит мешіттерін жарып, діни соғыс бастауға арандатуда. Егер Ауғанстанда діни қақтығыс күшейсе, онда бұл ОА-дағы радикалдық көзқарасқа әсер етеді. Ал Ауғанстанды оқшаулай берсе, онда оның қоғамы радикалданып, керісінше радикализацияны сыртқа экспорттайды. Сондықтан да діни тұрақтылық пен Ауғанстан қоғамы жарылып кетпеуі бізге керек.

Саясаттанушы Аман Мәмбетәлі де бұл байланысты тәліптермен емес, Ауғанстан мемлекеті билігімен байланыс деп қабылдау қажет екенін айтады.

"Тәліптермен арақатынас дүниежүзінде де қиындау. Оларды қабылдау қиын, біраз қылмыс жасады. Мәдени жағынан, адам құқығы жағынан, әйел құқығы жағынан қылмыстары көп. Сондықтан халық оларды күмәнмен қабылдайды. Оларды Ауғанстан мемлекетінің билікте отырған басшыларымен кездесіп отырмыз деп қабылдау қажет. Бұрынғы Талибан қозғалысы деп қабылдамау керек", - дейді ол.

Сарапшының пікірінше, тәліптердің елге келуін тек сауда қарым-қатынасы жағынан түсіндіруге болады.

"Олардың бізге келіп қалып қоятын ойы жоқ. Біз олармен сауда жасаймыз. Ауғанстанмен логистика, мәдени, сауда жағынан маршруттарды қайтарамыз", - дейді сарапшы.

Айта кетейік, Талибан қозғалысына Жоғарғы соттың 2005 жылғы 15 наурыздағы шешіміне сәйкес Қазақстанда тыйым салынған.

Еске салайық, бұған дейін Ауғанстанның бизнес-делегациясы Астанаға келгені хабарланған еді. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова