Алматыдағы ауған тауарлары көрмесінде қаруға ұқсас заттар байқалды. Бұл жағдайға қатысты премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның айтуынша, ешқандай қару болмаған және көрменің бұл бөлімі "Антиквариат" деп аталады.
"Ауғандар - дарын қонған қолөнершілер. Олардың металдан жасаған дүниелерін көру керек. Арматурадан жасалған балғаны көтергенімді көрдіңіздер ме? Олар таңғажайып заттар жасайды, олар әкелген нәрсенің бәрі - бүгінгі заманның дүниелері. Дулығалар, бәрі - кәдесыйлар. Адамдар сатып алып, өз мейрамханаларында іліп қоюына болады", - деді Жұманғарин Үкіметтегі брифингте.
Шенеунік ешқандай қару-жарақ жеткізу туралы әңгіме болмағанына сендірді.
"Олар әкелген нәрсе - көрменің маңызды бөлшегінің бірі. Елестетіп көріңізші, сіз көрмеге келесіз, ал онда тек кілемдер қойылған. Тек бірдей дүниелерді көре ме? Ол жақта асыл тастар да, зергерлік бұйымдар да, шырындар да және құрылыс материалдары да болды", - деді ол.
Еске салайық, бұған дейін ауған тауарлары көрмесіне арнайы барып, саудагерлермен сұхбаттасқан едік.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!