Сізді бір суреттің тарихы қызықтырып көрді ме? Оның қалай пайда болғаны, суретте кім көрініс тапқаны? Ал егер онда қазақ тарихындағы алғаш футбол клубтарының бірі бейнеленгенін білесіз бе? Massaget.kz тілшісі бұл сұрақтарға жауап іздеп, сурет тарихын анықтады.
Бұл 1913 жылы түсірілген сурет. Тарихи деректерге сүйенсек, 1912 жылы Мәскеуден Семейге Николай Купрянов есімді кісі көшіп келіп, Семейдегі атақты Плещеевтің дүкеніне қызметкер болып орналасқан. Николай Николаевич Мәскеуден өзімен бірге доп, сетка және спорт бұйымдарын әкеліп, футбол ойынына әуес жастарды жаттықтыра бастайды.
Ал 1913 жылы алғаш рет құрамында М.Сайдашев, А.Кәрімов, Ю.Нигматуллин бар қазақ және татар жастарынан тұратын "Жарыс" командасы құрылады. Кей деректерде футбол клубының алғашқы формасын Гафа Баязитова тігіп берген десе, кей деректерде Мұхтар Әуезов Купряновтан өзі барып, арнайы киім тіккізуді сұраған, тіпті формаға "Ярыш" командасы. Семипалат" деп жазғызғаны айтылады.
Жасөспірімдер бірлесіп, жеке формаларын, тіпті команданың эмблемасын да ойластырады. 1914 жылы күзде семейлік топ гимназистердің мықты командасымен кездесіп, жеңіске жетеді. Ал қарсыластар қақпасына бірінші боп допты Мұхтар Әуезов түсіреді. Жас Мұхтармен бірге жасыл алаңға Ахметсәлім Кәрімов (капитан), Қасымхан Мұхамедов, Юнус Нигматуллин, Әміржан Ситдықов, Ғабдулхан Ғаббасов шығады. Суреттің артқы бетінде орыс тілінде барлық 24 спортшының аты-жөні жазылған. Бұл жазбаны команда мүшесі Рифкат Фамзов қалдырған. Сурет алғашқы жарыс алдында түсірілген.
1914 жылы семейліктер алғаш рет Томск политехникалық институты студенттерімен жолдастық кездесу өткізді. Бұл - Қазақстан футболының кіндігі кесілген жыл.
"Мұхтар Әуезов және спорт өнері" кітабының авторы Өмірзақ Сұлтанов суреттегі эмблемаға назар аударады.
"Суреттің жоғары жағындағы ақ дөңгелекше ортасындағы жазу "Ярыш" (қазақша Жарыс - еск.) деген сөз екен. Біздің ойымызша, бұл - команда эмблемасы. Ойыншылардың артқы жақ төріне ілінген ту іспеттес. Ал төменде "Ярыш футбол командасы. Семипалат" деп жазылған", - дейді ол.
Мұхтар Әуезовтің тетелес інісі Ахмет Әуезов "Жас Мұхтар" естелік кітабында әйгілі жазушының футболға қалай қадам басқанын әңгімелеп берген. Онда Мұхтар Әуезов жолдастары Нәсір мен Дәку үшеуі Николай Купряновты іздеп барғандары, ақша жинап, алғаш рет доп сатып алғаны, кейін жарысқа қатысып, алғашқы гол салғаны баяндалады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!