Әуе кеңістігінде жаңа жұлдыздар: Air Astana әуекомпаниясының жаңа бортсеріктері қанат қақты

Алматыдағы Air Astana әуе компаниясының авиациялық оқу орталығында жаңа бортсеріктердің үш жүзінші, яғни мерейтойлық түлектерін шығару салтанаты өтті. Осы күннен бастап азаматтық авиация аспанына жаңа жұлдыздар қосылды: 18 ару алты апталық алғашқы дайындық бағдарламасын сәтті аяқтап, Air Astana экипажының толыққанды мүшесіне айналды.

23 жыл ішінде компания мыңнан аса бортсерікті дайындап шығарған.

Оқу үдерісі Алматы мен Астанада 5 тамыз бен 29 қыркүйек аралығында өтті. Алты аптаға созылған бағдарлама болашақ бортсеріктерге қажетті білім мен тәжірибені қамтыды:
• кабиналық экипаж мүшелеріне арналған қауіпсіздік бойынша дайындық;
• алғашқы көмек көрсету және эвакуациялау машықтары;
• өрт сөндіру мен суда аман қалу жаттығулары;
• қызмет көрсету стандарттары және жолаушылармен жұмыс дағдылары;
• авиациялық қауіпсіздік, CRM (экипаж ресурстарын басқару) және таныстыру курсы.

Болашақ бортсеріктер барлық сынақтан лайықты өтіп, ең басты миссия - биікте жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз етуге дайын екендерін дәлелдеді.

Air Astana компаниясының оқыту және клиенттік тәжірибе жөніндегі вице-президенті Сандра Каллен кандидаттардың адами қасиеттеріне ерекше назар аударғандарын атап өтті. 

"Біз үшін үміткердің сырт келбетімен қатар, бойындағы адами қасиеттері де маңызды. Бір жарым айлық дайындық барысында біз CRM, борттағы қызмет көрсету, қауіпсіздік және алғашқы медициналық көмек бойынша оқытамыз", - деді Сандра Каллен.

Мерекелік сәт пен үздіктерге марапат

Салтанатты шара көңілді әрі қуанышты атмосферада өтті. Әр түлекке оқу аяқтағаны туралы сертификат табысталды, ал кейбірі арнайы номинацияларда марапатталды:
• Top Fun & Humour - көңілді мінезі мен позитив энергиясы үшін (Гүлзия Қуан);
• Top Team Player - командалық рух пен көшбасшылық қасиеті үшін (Нәзира Салауатова);
• Top Performer - жоғары кәсібилігі мен үздік нәтижесі үшін (Айым Нұржанова).

Шараға компания басшылығы, компания мамандары және жаңа бортсеріктердің туыстары мен достары қатысып, олардың қуанышын бірге бөлісті. Бұл күн - түлектер үшін жаңа өмірдің, биік ұшулар мен жарқын әсерлердің бастауы болды.

Бортсеріктер қызметінің директоры Юлия Федорова командалық жұмыс нәтижесінде түрлі халықаралық марапаттарға ие болып жүргенін айтады.

"Бүгінде Air Astana құрамында мыңнан аса кәсіби бортсерік еңбек етіп жүр. Командалық жұмыстың арқасында біз халықаралық деңгейде мойындалып, түрлі марапаттарға ие болдық", - дейді Юлия Федорова.

Air Astana әуекомпаниясының жаңа толқыны

Кабиналық экипаждың жаңа буынына мыналар қосылды: Айдана Нұрмұханбет, Әселхан Сағат, Ақмарал Арыстанбекова, Айдана Жолдыбай, Нәзира Салауатова, Ақнұр Қайратқызы, Томирис Жұматаева, Сымбат Дүйсембаева, Рухсора Саматова, Ділназ Дінмұхаммед, Алина Тойлыбаева, Айым Нұржанова, Гүлзия Қуан, Ділдә Амангелдиева, Әзиза Абдіманап, Аружан Нұртазина, Аяжан Құсналиева және Аяжан Алшымбек.

Болашақ бортсерік Назира Салаватова өз әсерін бөлісті.

"Мен әрқашан авиацияда жұмыс істеп, адамдарға көмектесуді армандадым. Біз тек сервиске емес, төтенше жағдайлардағы іс-қимылдарға да үйрендік. Инструкторларымызға кәсіби оқыту үшін алғыс білдіремін. Енді мен өзімді нағыз аспан әлемінің бір бөлшегіндей сезінемін", - дейді Назира Салаватова.

Жарнамалық материал