Қостанай облысында бір жол аумағында бірден үш жол апаты болды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Басылым мәліметінше, 16 қаңтарда Сұлукөл ауылдық округінің Юльевка ауылының маңындағы Әулиекөл-Жалдама тас жолының 33-шақырымында жол-көлік оқиғалары болды.
Арқалық қаласының тұрғыны Lada көлігін басқара алмай, кюветке аударылып кеткен. Апат салдарынан 2009, 1980 және 1987 жылдары туған жүргізуші мен жолаушылар ауруханаға жеткізілді.
Біраз уақыттан кейін Науырзым ауданының Шолақсай ауылының тұрғыны JAC J7 автокөлігінің жүргізушісі қауіпсіздікке көз жеткізбей, қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, Меңдіқара ауданының Боровское ауылы тұрғынының басқаруындағы ВАЗ-21154 автокөлігімен соқтығысты. Апат салдарынан 4 адам түрлі жарақаттармен аудандық ауруханаға жеткізілді.
Сондай-ақ осы аумақта Hunday жүргізушісі - Караменді ауылының тұрғыны қозғалыс қауіпсіздігіне көз жеткізбей, қарсы жолаққа шығып, бұрын ВАЗ-21154-пен соқтығысқан JAC J7 көлігін эвакуациялап жатқан Әулиекөл ауылы тұрғынының басқаруындағы Audi-80 көлігімен бетпе-бет соқтығысты.
Жол апаты салдарынан 6 адам медициналық мекемеге жатқызылды. 13 жастағы жолаушы облыстық балалар ауруханасына, ал 46 жастағы жолаушы жан сақтау бөлімшесіне жеткізілді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!