- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Аудан әкімдері облыс...
Аудан әкімдері облыс басшысының көзіне түсіп қалуды ойлайды - депутат Қарақат Әбден
Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден кейбір өңірлерде аудан әкімдері жұмыс істеуге құлықсыз екенін, бұған бірқатар себеп бар екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Ауылдарды дамытуға еселеген қаржы бөлінген"
Депутат сауалын премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа жолдады. Қарақат Әбденнің сөзінше, ауылдарда нашар жол, сапасыз интернет мәселесі әлі де өзекті, 2019 жылдан бастап бұл бағытта қаржы алты есе көп бөлінген, ал биыл 194 млрд теңге бөлінген. Депутат іс жүзінде нәтиже басқаша екенін мәлімдеді.
"Қаражат игерілмейді, мерзімдер бұзылып жатыр, жобалар сапасыз орындалып жатыр. Мұның бір үлкен себебі бар - көбіне аудан әкімдерінің кәсіби біліктілігінің төмендігі және жұмысқа ұйытқы бола алмауы.
Өңірлерге барып, халықпен кездескенде, екі қолын алдына қойып бос отырған, жағдайды жақсартуға құлшынысы жоқ аудан әкімдерін бірнеше рет көрдім", - деді ол.
Бір мысал: Ұлытау облысындағы жағдай
Депутат жаңадан құрылған Ұлытау облысын дамытуға да көп нәрсе жасалғанын, бірақ жүйелі нәтиже жоқ екенін жеткізді.
"Өңірдегі ең маңызды мәдени нысандардың бірі - Хан Орда ескерткішіне баратын жол әлі салынбаған. Ол Ұлытау ауданынан небәрі 17 шақырым жерде, бірақ оған жету қиын. Аудан әкімдігі тым болмаса бастама жасап, "нулевка" деген қара жол салып қоюына болады ғой. Бұған көп ақша кетпейді, ал туристер ескерткішке кедергісіз барып, келушілер саны көбейе беретін еді", - деді ол.
Қарақат Әбденнің сөзінше, мемлекет бөлетін қаражат ұлғайса да, халық нақты нәтиже көріп отырған жоқ. Бұл тұста депутат аудан әкімдерінің бастама көтеруге ынтасыз болуының себебін адами фактор деп есептейді.
"Әкімдер көбіне өз қызметін мансап жолындағы уақытша кезең деп қабылдайды. Олар облыс басшысының көзіне түсіп, өз мансабының келесі сатысына өтуге ұмтылады. Осылайша, бірінен соң бірі тағайындалып жатқан әкімдер білімдерін арттыруға ұмтылмайды және аумақтарды дамытуды өз міндетім деп санамайды. Олардың біразы тіпті сол аудандарда тұрмайды да, отбасын көшіріп апармайды да. Олар балалардың мектепке қандай жолмен баратынын, мектеп асханасындағы тамақ сапасы қандай екенін, сол жердің тұрғындары бос уақытын қалай өткізетінін білмейді. Тұрғындармен қоян-қолтық араласпаса, ол әкім ауданды қалайша тиімді басқарады? Мысалы, өзім барған ауылдар тұрмақ, аудан орталықтарында тұрғындар әкімнің кім екенін білмейді. Әр шаңыраққа кіріп, жағдайларын сұрап, бір пиала шай арасында әрбір тұрғынмен тіл табысатын әкім жоқ", - деді ол.
Депутаттың ұсынысы қандай?
Депутат осы бағытта бірқатар ұсыныс жасады:
1. Аудандық әкімдіктердің тарабынан жобалардың іске асырылуын бақылауды күшейтіп, аудан әкімдерінің жеке жауапкершілігін арттыру.
2. Әр өңірдің мықты тұстары мен әлсіз тұстарын ескеріп, аудандарды дамыту стратегияларын әзірлеу.
3. Аудан әкімдерінің есептерін жылына екі рет тыңдап, жұмыс тиімділігін бағалау.
4. Ауылдардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға үлес қосатын диқандармен өзара іс-қимыл жасап, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау.
5. Аудан әкімдерін "Жаңа формация жетекшісі" бойынша оқытуды жалғастырып, аудан әкімдерінің біліктілігін арттыру.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда қанша ауыл жойылу алдында тұрғаны жөнінде материал жарияланды.
Анықтама: 2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстанда 6208 ауылдық елді мекен бар.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова