Интернет беттерінде қалқып тұрған алып тасты көрген боларсыз. Тасқа қатысты түрлі пікір бар: бірі оны фотошоп десе, енді бірі тас расында барын айтады. Алайда тас нақты қай жерде орналасқаны белгісіз. Қалқып тұрған тылсым тас туралы не белгілі? Massaget.kz тілшісі анықтап көрді.
Тас қай жерде орналасқан?
Кейбір нұсқа бойынша, тас Иерусалимдегі Мориа тауы, яғни Храм тауында орналасқан. Оған қатысты аңыз да бар. Аңыз бойынша Мұхаммед пайғамбар тастан аспанға көтеріледі. Пайғамбарымен қоштасқысы келмеген тас та аспанға қарай көтеріле бастайды. Сол кезде Жәбрейіл (ислам дінінде Аллаға ең жақын жүретін періштелердің бірі - еск.) тасты ұстап қалады. Артынша таста періштенің қолының ізі мен жарықша қалған. Бұл ислам әлемінде тараған аңыздардың бірі.
Тас Иерусалимде ме, жоқ па - белгісіз. Себебі Ескі қаланың тұрғындары ол тасты көрмегенін айтқан.
Болжам бойынша, тас Палестинада екені айтылса, тағы бір деректе қалқып тұрған тас Сауд Арабиясының Эль Хасса тарихи облысында орналасқаны туралы дерек бар.
Желіде тараған сурет жай ғана фотограф түсірген кездегі ракурстың сәтті таңдалуы дейтін де нұсқа бар. Себебі интернетте дәл сол тас басқа ракурстан түскен суреті тараған. Суреттердің сапасы үшін алдын ала кешірім сұраймыз.
Дегенмен тас расында қалқып тұруы мүмкін деген пікір бар. Себебі кейбір деректерде тас 10 сантиметрге көтеріліп, қайтадан орнына келеді деген болжам айтылады.
Тексерейік: тас қалқып тұрған жоқ
2019 жылы Indian Today басылымы тасқа қатысты фактчек жасаған. Басылым мәліметінше, бұл сурет 2008 жылдан бері Желіде көп тарап, қызу талқыға түсіп жүр. Алғашқылардың бірі болып суретті Интернетке Gopidas Debnath есімді Facebook қолданушысы жариялаған. Ол жазбада бұл мыңдаған жылдан бері қалқып тұрған тас екенін жазған.
"Көптеген зерттеу жасалғанымен оның жауабы әлі табылмады", - деп жазды қолданушы.
India Today басылымының фейк жаңалықтармен күрес қызметі (AFWA) бұл ақпаратты жоққа шығарды. Суретке фотошоп жасалған. Біріншіден, тас қалқып тұрған жоқ. Себебі тастың астында қосымша үш тас тұр. Ал алып тас сол кішкентай тастарға тіреліп тұр. Екіншіден, алып тас Иерусалимде емес, Сауд Арабиясында болып шықты.
Оның үстіне, 2016 жылы Mo13Tube атты YouTube-арнасында "AlAhsa: қалқып тұрған тас" деп видео жарияланған. Видеодан алып тас расында үш кішкентай тасқа тіреліп тұрғанын көруге болады.
Қорытындылай келе, алып тастың бары рас. Ал оның қалқып тұрғаны - фейк.