- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ауа райы: Шығыста...
Ауа райы: Шығыста жаңбыр жауып, батыста күн ыстық болады
Синоптиктер 9-11 шілдеге арналған ауа райы болжамын жария етті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Қазгидромет" республикалық мемлекеттік кәсіпорнына сілтеме жасап.
Сонымен, синоптиктердің айтуынша, республиканың батыс бөлігінде ауа температурасы орташа көп жылдық температурасынан 4-8 градусқа дейін жоғары көтеріледі. "Жоғары барийлі жыра және онымен байланысты суық атмосфералық фронттар өз жолында өткінші жаңбыр, найзағай, екпінді жел, кей жерлерде бұршақ тудыра отырып, Қазақстан аумағы арқылы жылжиды. Фронттардың артынан батыстан антициклон сілемдері таралады, онымен бірге жаңбыр тоқтайды, және республиканың батыс бөлігінде температураның орташа көп жылдық температурадан 4-8 градусқа жоғары көтеріледі деп күтіледі", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, Қазақстанның шығысында жақын арадағы үш тәулікте өткінші жаңбырдың жауатыны хабарланып отыр. Мамандардың айтуынша, ауа температурасы нормадан 1-3 градусқа төмен болады.
Ал осының алдында синоптиктер Қазақстанда шілде айының ауа райы қандай болатынын айтып берген. Қазақстанда шілденің бірінші онкүндігінде салқын, желді әрі жаңбырлы ауа райы күтіліп отыр. Ал шілденің екінші онкүндігінде күн жылы әрі ашық болады. Солтүстік-батыс және солтүстікте күндізгі ауа температурасы 28-33-ке дейін, батыста 33-38, оңтүстікте 35-40, орталық пен шығыста 30-35 градусқа дейін көтеріледі. "Шілдеде батыста ғана ыстық болады деп күтіліп отыр, ауа температурасы нормадан 1 градусқа жоғары болады. Еліміздің өзге аймағында температуралық режим орташа климаттық норма шеңберінде болады", - дейді Қазгидрометтегілер.
М. Бисембаева