Ауа райы күрт нашарлады: ІІМ жүргізушілерге ескерту жасады

Ішкі істер министрлігі жол қозғалысына қатысушыларға үндеу жасап, сақтандырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ведомство мәліметінше, ауа райы нашарлауына, боран мен қарға, көктайғақ пен тұманға байланысты қазір 15 облыстың 43 жол учаскесінде көліктердің қозғалысына шектеу енгізілген. Республикалық маңызы бар алты мыңнан аса шақырым жолда, яғни көрсетілген санаттағы жолдардың 25%-ында шектеулер енгізілген.

"Осы орайда біз сіздерді сапарға шығудан бас тартуға шақырамыз. Жолға шығып қойған азаматтарға жабылған жол учаскелеріне жақын орналасқан елді мекендерде тоқтап, ауа райының жақсаруын күтуді ұсынамыз. Тәуекелге барудың қажеті жоқ! Қозғалысқа шектеу енгізілген нақты жол учаскелері туралы "ҚазАвтоЖолдың" ресми Telegram-арнасында, радио, теледидар және басқа да бұқаралық ақпарат құралдарында, сондай-ақ 1403 телефон нөмірі арқылы біле аласыздар. Жолда сақ болыңыздар!" - деді ІІМ әкімшілік полиция комитеті басқарма бастығының орынбасары Айдын Оразбаев.

Еске салайық, бұған дейін бірқатар өңірде жол жабылып, оқушылар қашықтан оқитыны хабарланды.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!