Сауда және интеграция министрлігі "Алтын Орда" базарына тексеріс жүргізген, нәтижесінде 7 делдалдың жұмысы тоқтатылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Алматы облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бағытындағы бақылау жұмыстары барысында бірқатар заңбұзушылық анықталған.
Ведомство дерегіне сүйенсек, "Омаров" ЖК, Iceberg Distribution ЖШС және "Ар Диас" ЖШС әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін төмен бағамен сатып алып, оларды басқаларға 17 пайыздан 86 пайызға дейінгі үстемемен қайта сатқан.
"Бұл дерек бойынша жоспардан тыс тексеріс жүргізіліп, заңнама талаптарын бұзғандарға айыппұл салынды", - деп жазылған хабарламада.
Жыл басынан бері жүргізілген бақылау нәтижесінде 171 сауда субъектісіне 643 әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы сомасы 3,4 миллион теңгеден аса айыппұл салынған. Оның 467-сіне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген шекті сауда үстемесін асыру бойынша әкімшілік хаттама рәсімделсе, 176 хаттама сауда қызметі туралы заңнама талаптарын бұзуға қатысты толтырылған.
Жыл басынан бері бір сауда желісі, бір көтерме сауда орны және 11 сауда субъектісі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына 40 пайыздан 203,8 пайызға дейін негізсіз үстеме қосқаны анықталған.
"Өңірлік комиссия жұмысы аясында "Алтын Орда" базарындағы 13 сауда субъектісіне жоспардан тыс тексеріс жүргізіліп, нәтижесінде азық-түлік бағасы өсуіне әсер еткен 7 тиімсіз делдалдың қызметі тоқтатылды", - деп жазылған хабарламада.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!