Атыраулықтарға экологиялық зардап үшін өтемақы төлене ме? Әкім жауап берді

Атыраулықтарға экологиялық зардап үшін өтемақы төлене ме? Әкім жауап берді

Атыраулықтарға экологиялық зардап үшін өтемақы төлеу туралы қабылданған нақты шешім жоқ. Дегенмен, мәселе қазір қаралып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Атырау облысының әкімі Серік Шапкеновтің айтуынша, өтемақы төлену үшін, ғылыми негіз керек.

"Қызылорда облысының тұрғындары Арал теңізіндегі экологиялық апатқа байланысты коэффицент алып отыр. Атырауда да мұндай коэффицентті енгізу үшін, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу қажет. Бұл мəселе бойынша Денсаулық сақтау министрлігі және Экология министрлігімен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Ең алдымен, коэффициентті енгізу үшін негіздеме дайындау қажет" деді Серік Шапкенов.

Еске сала кетсек, бұған дейін Атырауда журналистердің бастамасымен митинг өтіп, тұрғындар лас ауаға қарсылық білдіріп, алаңға шыққан еді. Жаз маусымы басталысымен қолқаны қапқан мүңкіген иіске шағымданатын тұрғындар "Атырау - экологиялық апатты аймақ" деп танылуы тиіс екенін айтады.

Осы митингтен кейін Атырауда арнайы комиссия құрылып, облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев белсенділермен кездесті. Кездесуде Қызылорда облысының тәжірибесін зерттеу үшін арнайы делегация баратыны туралы да уағдаластық болды.

Әзірге атыраулықтарда ауаға тасталып жатқан зиянды қалдықтарға шыдап бағудан басқа амал болмай тұр.


Баян Жанұзақова

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы