Атырауда тоғыз жылдан бері фармацевтикалық зауыттың құрылысы жарты жолдан тоқтап тұр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қазіргі мәжілісмен, сол кезде Атырау облысының әкімі болған Бақтықожа Ізмұхамбетов жылына 800 миллион дәрі шығарады" деп жарнама жасаған зауыт құрылысының енді жалғасу-жалғаспауы белгісіз. Себебі жергілікті әкімдік қанша жерден инвестор іздесе де, зауытқа қызығушылық танытып отырғандар жоқ.
"800 миллион дәрілік таблетка, 300 миллион капсула, 78 миллион ампула, 3 миллион қаптама жақпамай және көктамырға құюға арналған 12 миллион флакон ерітінді өндіреді", - деп мәлімделген зауыт құрылысы туралы.
Фармацевтикалық зауыт құрылысына кезінде қомақты қаражат қаралған. Қаржының 49 пайызын "Атырау" әлеуметік кәсіпкерлік корпорациясы бөлген.
Алайда компания корпорация арқылы бөлінген қаражатты құрал-жабдыққа емес, құрылыс саласына жұмсап жіберген. Қаражат мақсатты жұмсалмағандықтан оны қайтару мәселесі көтерілді. Осылайша, жоба тоқтап қалған.
Содан бері тоғыз жыл өтсе де, зауытты жалғастыруға ниет білдірген компания табылмай тұр.
Баян Жанұзақова
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!