Атыраулық зейнеткер газеттен түрлі бұйым жасап, көпшілікті өнерімен тәнті етіп жүр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.
Телеарна мәліметінше, қағаз қиындыларын кәдеге жаратып жүрген, қала тұрғынының бұйымдарына сұраныс та көп. Кейде жастарды да қолөнерге баулып, шеберлік сағаттарын өткізеді.
Халима Ахметқызының ерекше өнерді серік еткеніне 10 жылдай болды. Газет қиындыларынан түрлі бұйым дайындайтын шебер күніне 8-9 сағатын хоббиіне арнайды.
"Бұл өнер менің әкемнен қалған. Әкем деген сондай тамаша адам еді ғой, қолынан келмейтіні жоқ. Үйрен де жирен дейтін еді. Бірінші уақыттарда қиындау болды, қазір көзді жұмып қойып, тіпті теледидар қарап қойып, әңгімені соғып қойып, айналдыра беремін. Қызым маған көрсетіп, жіберіп, "осындай, мама" деп. Содан үйреніп кеттім. Содан тастай алмаймын. Көбі тастап кетеді, шаршай ма, білмеймін", - Халима Айбекова.
40 жылдай мемлекеттік қызметте болған Халима Айбекова 8 жылдан бері зейнет демалысында. Аядай үйі шағын шеберханаға айналған. Түрлі себет пен қорап, көздің жауын алатын бұйымдар жасап, газет қиындыларын қайта кәдеге жаратып жүр.
Зейнеткер тоқыма тоқуды да жанына серік еткен. Анасынан меңгерген төл өнерді қалпын бұзбай кейінгілерге де үйретіп жүр.
"Корзинаны жасап отырғанда кейде шаршап кетесің. Тастап қойып, просто так телевизор қарай алмаймын. Менің қолым жыбырлап отыруы керек. Шаруа жасап отыруым керек. Сонда мына носкилерді тоқимын. Бұл носкилер де жақсы, шашуға, тойға", - дейді Халима Айбекова.
Қолөнер шебері алдағы уақытта өзінің шеберханасын ашып, жастарды еңбекке баулығысы келеді. Қазірдің өзінде оқу орталықтарына барып, түрлі шеберлік сағаттарын өткізеді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!