Атыраулық үш жасар бүлдіршін Президенттен алғыс алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Облыс әкімі Серік Шәпкенов үш жасар Дінмұхаммед Жұмажанмен және оның ата-анасымен жүздесті. Бүлдіршіннің қаладағы Атырау шағынауданындағы Ораза айт тойланған орынды жинастырып жүрген видеосы әлеуметтік желіде кең тараған еді.
Серік Шәпкенов Дінмұхаммедтің тәрбиесі мен қоршаған ортаға деген сүйіспеншілігіне риза болып, рақметін айтты. Ол ҚР Президенті әкімшілігінің жетекшісі Айбек Дәдебайдың Мемлекет басшысы атынан жолданған хатын табыстады.
"Кейде көп сөздің орнына бір ғана істің өзі жетіп жатады. Дінмұхаммед кішкентай ғана ойын баласы болса да, оның әрекеті көпке ой салды. Әлбетте ол мұны бөгде біреуден көріп емес, өзінің отбасында тазалық пен тәртіптің мәнін түсініп өсіп келе жатқандықтан жасады. Бұл - тек тәрбиенің емес, нағыз отансүйгіштіктің үлгісі. Өз Отанына шын берілгендіктің белгісі", - деді Шәпкенов.
Дінмұхаммедтің әкесі Ержан Хайрошевтің айтуынша, тұрғындардың бірі ұлын видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеген.
"Біз өзіміздің шағынауданда Ораза айт мейрамын кең көлемде тойладық. Ұлымыздың әрекеті бүкіл елдің ықыласына бөленеді деп ойламадық. Оның тілі кеш шықты, сосын балабақшаға бердік. Сол жақтан үйренгені де бар шығар. Өз отбасымызда да тазалыққа мән береміз, сенбіліктерден қалмаймыз. Ұлым елдің патриоты боп ер жеткенін қалаймын", - дейді Ержан Хайрошев.
Кейін облыс әкімі Дінмұхаммедке ескерткіш сыйлықтар тапсырып, ата-анасына алғыс айтты.
Суреттер: gov.kz
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова