Атырау облысы Полиция департаментінің тәжірибелі тергеушісі Темірхан Қажымұратов кәсіби біліктілігі, байқағыштығы және дәлелдерді жан-жақты саралай білу қабілетінің арқасында әріптестері мен жұртшылық арасында "атыраулық Шерлок" деген бейресми атаққа ие болған. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ол қызмет жолында қоғамда үлкен резонанс тудырған бірқатар ауыр қылмысты тергеп, олардың жан-жақты зерттелуіне елеулі үлес қосқан.
Олардың қатарында қоғам назарын аударған Яна Легкодимоваға қатысты қылмыстық іс те, Жылыой ауданында 7 жастағы қыз балаға қатысты жасалған аса ауыр қылмыс та бар.
"Тергеу барысында жиналған дәлелдер мен жүргізілген процессуалдық іс-шаралар нәтижесінде сот кінәлілерге өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады", - деп жазылған хабарламада.
Сондай-ақ, ол Индер ауданында екі сәбидің қазасына байланысты қылмыстық іс бойынша да тергеуге қатысып, оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға атсалысқан.
Бұл іс бойынша жиналған дәлелдер сотта жан-жақты қаралып, нәтижесінде айыпталушыға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы кесілді.
Темірхан Қажымұратов тергеген тағы бір резонансты іс - Қызылқоға ауданы Жангелдин ауылында бір отбасының төрт мүшесі ажал құшқан оқиға.
Тергеу толық аяқталып, қылмыстық іс сот қарауына жолданған. Қазір сот талқылауы жалғасып жатыр.
Әріптестері Темірхан Қажымұратовты асқан жауапкершілігімен, сабырлы мінезімен және өз ісіне адалдығымен ерекшеленетін маман ретінде сипаттайды.
Оның пайымынша, тергеушінің басты міндеті - істі қысқа мерзімде аяқтау емес, барлық дәлелді мұқият жинап, шындықты анықтау және әділ сот төрелігін жүзеге асыруға берік негіз қалыптастыру.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!