Атыраулық оқушылар өзенді тазалайтын құрылғы ойлап тапты

Атыраулық оқушылар өзенді тазалайтын құрылғы ойлап тапты
Фото: Midjourney

Атыраулық оқушылар өзен суын ластанудан қорғайтын әрі тазартатын құрылғы ойлап тапты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап. 

Назарбаев зияткерлік мектебінің 4 оқушысы жаңа жобаны 1 айда дайындап шығарған. Бүгінде олар жобаны әлі де жетілдіріп, сынақтан өткізуді жоспарлап отыр.

EcoWavе - төменнен жоғарыға компрессор арқылы ауа шығаратын бірнеше түтігі бар құбыр. Құрылғыны өзеннің түбіне орнатса, судағы қоқыс су бетіне қалқып шығады. Кейін шыққан қоқысты арнайы құралдармен жинап алады. Жайық өзенінің тағдырына алаңдаған оқушылар осылайша ерекше жобаны ойлап тапты.

"Топ мүшелері: Ахмеди, Әлтайыр, Санжармен бірге бірнеше зерттеу жүргізіп, сол зерттеулердің арқасында жобамыз суды тазартудың ең қауіпсіз әдісі екенін дәлелдедік. Ауа көпіршіктері флора мен фаунаға ешқандай зиян келтірмейді. Балықтардың қозғалысына кедергі жасамайды", - деді оқушы Жанұя Жарас.

Жобаның баламасы бұған дейін шет елдерде жүзеге асқан. Бірақ атыраулық оқушылардың құралы олармен салыстырғанда өзгеше.

"Амстердамда жүзеге асқан жобадан біздің құрылғы ерекше. Өйткені біз су астында ауа шығаратын құбырдан бөлек, жанына тағы бір түтік қоюды жоспарлап отырмыз. Сол арқылы химиялық ерітінді суға жіберіледі. Оның су айдынына ешқандай зияны жоқ. Керісінше, қауіпті химиялық заттардан қорғайды", - дейді тағы бір оқушы Ахмеди Зейнолла.

Оқушылар енді бұл жобамен халықаралық білім бәйгесіне қатыспақ. Ұстаздары оқушылардың ізденімпаздығын жоғары бағалайды.

"Мен оқушыларға робототехника, бағдарламалау бағыты бойынша үйреттім. Сондай-ақ зерттеу жұмыстарын жүргізуге жәрдемдестім. Жобаның жүзеге асуы үшін нақты әрі шынайы ақпарат алу маңызды. Қажет құрал-жабдықтарды тауып беруге тырыстым", - деді зертхана меңгерушісі Асқар Арыстанбаев.

Еске салайық, бұған дейін ұстаздар мен оқушылар желі қолданушыларын тәнті еткені хабарланды. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова