Атыраудағы Абай орталығы жанындағы JasSpace кеңістігінің оқушылары Теміртауда өткен Robocup Kazakhstan Open – 2023 республикалық робототехника конкурсынан жүлдемен оралды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оқушылар "Биші робот" жобасын екі айдан астам уақытта жасап шығарған. Оның төрт ерекшелігі бар. Біріншіден, робот қазақтың "Қара жорға" биін билесе, екіншіден, айналасындағы адамдармен байланысқа түседі. Үшіншіден, күрделі қимыл-қозғалыстарды жасайды және ультрадыбыстық датчик арқылы қосылады.
Роботты Құрмет Әйіпқалиев пен Дәмелі Кішібай жасап шыққан. JasSpace кеңістігінде қосымша білім алып жүрген оқушылар Теміртауда өткен конкурстың өздері үшін үлкен тәжірибе болғанын айтады.
"Біздің роботымыз әділқазыларды өзінің күрделі қимыл-қозғалысымен таңқалдырды. Сонымен бірге роботтың этностильде болуы да басқа жобалардан ерекшеленіп тұрды. Ұзақ уақыт жұмсауды қажет еткен жұмысымыздың нәтижесін көру мен үшін бақыт", - деді Дәмелі Кішібай.
APEC колледжінің 1-курсында оқып жатқан Дәмелі тағы да осындай ауқымды жобалар жасауды жоспарлап отырғанын айтты.
Ал Құрмет Әйіпқалиев Атыраудағы 28-мектептің 7-сыныбында оқиды. Ол былтыр қазаннан бері JasSpace кеңістігіндегі робототехника курсында қосымша білім алып жүр.
"Теміртауда республикалық конкурс өтетіні туралы жетекшім Дияр Әбухановтан естідім. Ол кісі маған байқауға қатысуға ұсыныс жасады. Осылайша, Дәмелі екеуіміз бірлесе жүріп, дайындықты бастап кеттік. Қазіргі уақытта жаңа технологияларды шет елдермен байланыстырып жатады ғой. Біз "Қара жорға" билейтін роботты жасау арқылы бұл стереотипті бұзғымыз келді. Қазақстан да болашақта бәсекеге қабілетті өнертапқыштардың еліне айнала алады.
Бастапқыда роботты картоннан жасап, тексеріп көрдік. Кейін макетті пеноплекстен жасап шығардық. Бағдарламасын жасап, оны Arduino платасына құйдық. Тетікті басқанда робот өзі билеп кететіндей етіп жасадық. Роботты одан әрі дамытқымыз келеді. Қазір робот ролик арқылы қозғалады. Енді біз оны өз аяғымен жүретіндей етіп, мейілінше адамның қимыл-әрекетін көбірек жасайтындай еткіміз келеді", - деді Құрмет Әйіпқалиев.
Өнертапқыштардың жетекшісі Дияр Абуханов "Робототехника" курсында білім алып жүрген оқушылардың талабы, ізденісі жоғары екенін айтты.
"Бізде теорияға қарағанда практикалық жұмыстарға көбірек басымдық берілетіндіктен, оқушылардың қызығушылығы күн санап жоғарылап келеді. Теміртауда өткен конкурсқа 80-ге жуық оқушы қатысып, жобаларын көрсетті. Елімізде робототехника саласының қарқынды дамып келе жатқаны қуантады", - деді JasSpace кеңістігінің тренері Дияр Абуханов.
Еске салайық, JasSpace бағдарламасы "Шеврон" компаниясының қолдауымен Атырау жастарын дамыту бастамасы аясында жүзеге асырылып жатыр.
Баян Жанұзақова
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!