- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Атыраулық оқушылар қағазды...
Атыраулық оқушылар қағазды қайта өңдеп жатыр
Атыраулық оқушылар экологиялық проблемаларды шешудің оңтайлы амалдарын қолға алды. Қоқысқа тасталған қағаздарға екінші рет "өмір" сыйлап отырған оқушылар қалдықтардан түрлі канцелярия тауарларын жасап шығарып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Айназ Бекболат - Атыраудағы Абай орталығы жанындағы JasSpace кеңістігінде қосымша білім алып жүрген оқушы. Интеграцияланған ЭкоLAB курсында екі ай білім алған Айназ достарымен бірге экологияны жақсартуға арналған жобаны қолға алған.
"Біз өзіміз білім алып жүрген JasSpace кеңістігіндегі қағаз қалдықтарын сорттап, жинап алдық. Қағаздарды арнайы құрал көмегімен ұсақтадық. Кейін ұсақталған қағаздарды сумен араластыра отырып, блендерде ұнтақтадық. Ұнтақталған шикізатты ақ матаның көмегімен сүзіп алып, контейнерге кептірдік. Кептіру процесінің өзі екі-үш күн уақытты алды. Кейін дайын болған шикізаттан кітаптарға арналған бетбелгі, конверттер жасап шығардық. Әдемі дизайнмен түнгі жарық беру шамын да жасадық. Біз жасаған заттар достарымызға қатты ұнады", - дейді Айназ Бекболат.
ЭкоLAB курсының тренері Нұргүл Имамұратованың айтуынша, қалдықтарды қайта өңдеу - қоршаған ортаны қорғауға арналған өте маңызды қадам.
"Оқушыларым осындай жоба жасау арқылы экологиялық проблемаларға қоғамның назарын аударуды мақсат етіп отыр. Қағаздарды, жалпы қалдықтарды қайта өңдеу қоқыс полигонына тасталатын қоқыстардың көлемін азайтады, энергияны үнемдейді. Парник газдардың шығынын азайтады", - дейді Нұргүл Имамұратова.
Далаға тасталатын қоқыстар мәселесіне үңіле кетсек, 100, 500, тіпті 1000 жылға дейін ыдырап жататын қалдықтар бар. Ондай қалдықтардан атмосфераға шығарылатын улы, зиян заттар мәселесі - өз алдына бөлек тақырып. Осы жағынан келгенде, мектеп жасындағы оқушылардың экологиялық мәселелерді шешуге осы бастан қатысуға үлес қосуы - мақтан тұтарлық жайт.
Еске салайық, JasSpace кеңістігі - STEAM бағытта оқушыларға білім беретін Атыраудағы ең ірі орталық. Chevron компаниясының қолдауымен Орталық Азияның Еуразия қоры жүзеге асырып отырған әлеуметтік жоба аясында күні бүгінге дейін 16 курс бойынша 1500-ге жуық атыраулық оқушы тегін білім алып шықты.
Баян Жанұзақова
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Қ. Әбілдәқызы