Атыраулық оқушы зілзалаға төтеп беретін үй жобасын ойлап тапты

Жас талант Расулбек Дүзелбайұлының ерекше жобасын жақында Атырауға сапармен келген АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Дэниел Розенблюм жоғары бағалады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жер сілкінісіне төтеп беретін көп қабатты тұрғын үйдің макетін Расулбек Дүзелбайұлы Абай орталығындағы JasSpace кеңістігінде қосымша білім алып жүріп жасаған. "ЭкоLab" курсында білім алған Расулбек басқа емес, дәл осы жобаны жасап шығаруына Түркия, Сирия елдерінде болған зілзала апатының себеп болғанын айтты.

"Ақпарат құралдарындағы мәліметтерге қарағанда, зілзала кезінде Түркияда 160 мыңнан астам үй, ғимараттар құлаған. Менің жобам кемінде 7-8 баллдық жер сілкінісіне төтеп бере алады. Үйдің іргетасы жер қыртысына бекітілген. Басты ерекшелік те осында. Яғни, зілзала орын алған кезде жер қыртысынан бөлінген толқын үйдің іргетасы мен жердің ортасындағы пружинаға сақталады. Пружина ол жердегі толқындарды өзінің бойына сіңіріп алады. Осылайша, сілкініс кезінде үй тербелгенімен, қирамайды" дейді Расулбек.

Жас ғалымның жетекшісі Нұргүл Имамұратованың айтуынша, жобаны жасап, оны жетілдіруге оқушының өзі көп уақытын жұмсаған.

"Бізде курстар екі ай бойы жүреді. Курс басталған уақытта оқушыларымның барлығына тапсырма берген болатынмын. Яғни, сертификат алу үшін оқушы өмірдегі белгілі бір мәселені шешудің жолын ұсынған жоба жасап шығуы керек. Ол үшін бала курс барысында алған теориялық, практикалық білімін пайдаланады. Балаларға осы тапсырма берілген уақытта Түркияда, Сирияда жер сілкінісі болып жатты. Қалай десек те, Расулбек ұсынып отырған жобаны күнделікті өмірден алыс деуге болмайды" дейді ​ "ЭкоLab" курсының тренері Нұргүл Имамұратова.

Ақпарат құралдарындағы мәліметтерді сараптасақ, Түркияда зілзала кезінде үйінділердің астында көп адамның қалуына - сапасыз салынған ғимараттардың тым көп болуы бірден-бір себеп болғанын көреміз.

"Сейсмикалық қауіпті аймақтардың қатарында Алматы облысы да бар. Егер құрылыс компаниялары қызығушылық танытатын болса, біз бұл идеяны әрі қарай дамытып, жетілдіруге дайынбыз" дейді "ЭкоLab" курсының тренері Нұргүл Имамұратова.

Еске сала кетелік, Атырау жастарын дамыту бастамасы аясында іске қосылған әлеуметтік жоба - JasSpace бағдарламасын Орталық Азияның Еуразия қоры жүзеге асырып отыр.


Баян Жанұзақова

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!