Атыраулық оқушы қамыс өртінен құтылудың жолын тапты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.
Жас өнертапқыш қамысты құрылыс материалы ретінде пайдаланып, кәдеге жаратуды ұсынып отыр. Сол арқылы қамыс өртінен келетін қауіпті азайтып, экология мәселесін реттеуге жол ашылатынын айтады.
Жанель Шайдолла қамыс өрті жиі болатын Дамбы ауылдық округінде тұрады. Теңіз жағасындағы қамыс жанса, алдымен осы елдімекен тұрғындары әбігерге түседі. Биыл 10-сыныпқа баратын жас өнертапқыш бұл мәселені зерттеп, шешу жолын тапты.
"Бірнеше апта бұрын қамыс өрті болған еді. Оның әсерінен қоршаған ортаға, адам денсаулығына зиян келді. Бұл жайт бірнеше рет қайталанып отыр және осы жайттың алдын алу үшін осылай қамыстан шатыр жасауға болады. Яғни яғни осылайша бұл проблеманы шеше аламыз. Қоршаған ортаға емес, су ресурсына да зиян келтіріп отыр. Осы бірнеше апта бұрын болған жайтта 167 рет 500 тоннадан астам су осы өртті сөндіруге кеткен", - дейді жас өнертапқыш Жанель Шайдолла.
Шетелде қамыс құрылыс материалы ретінде көп қолданылады. Бұдан шатыр дайындауға болады. Тіпті қамыс араластырып құйылған бетондардан үйдің қабырғасын да тұрғызып жатады. Оны экспорттап, табыс көзіне айналдыруға болады, дейді оқушы. Осылайша қамыс өртінен құтылуға мүмкіндік туады. Жанельдің бұл бастамасы жетекшілеріне ұнаған. Енді өз жобасын жетілдіруді жоспарлайды.
"Құрылыс материалдарды өзіміз жасап, неге өзіміз қолданбасқа немесе экспортқа шығармасқа деген идея келді бізге. Жалпы ата-бабаларымыз осы уақытқа дейін қамысты үй жасауда қолданған, одан бөлек ши тоқыған, мал азығы ретінде қолданған деген секілді көптеген пайдалы жақтары бар. Қамыстан жасалған бетондар, плиталар өте тиімді болып саналады. Үйге термотиімділік береді. Жазды салқын, қыста жылы болады", - дейді тәлімгер Нұргүл Имамұратова.
Атырау аумағында соңғы рет ірі қамыс өрті 10 күн бұрын тіркелді. Жанельдің жобасы терең зерттелсе, күрмеулі мәселені шешуге көмегі тиетіні сөзсіз.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!