- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Атыраулық оқушы банан...
Атыраулық оқушы банан қалдықтарынан қағаз жасап шығарды
Атыраулық оқушы банан қалдықтарынан қағаз жасап шығарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Атыраудағы Абай орталығы жанындағы STEAM кеңістігінде қосымша білім алып жүрген оқушы Алтынгүл Жанәділ банан қалдықтарын кәдеге асырудың жолын ойлап тапты.
"Далаға тасталатын қағаз қалдықтарының экологияға кері әсері жоғары. Себебі ғалымдар қағаз ыдыраған кезде метанның көп мөлшерін бөлетінін дәлелдеді. Яғни, қағаз қалдықтарынан бөлінетін парник газдардың қоршаған ортаға зардабы көмірқышқыл газымен салыстырғанда да жоғары. Целлюлоза қағаз ауаны, топырақты және суды уландырады", - дейді Алтынгүл Жанәділ.
Банан қалдықтарын арнайы қоспалармен араластырып қағаз жасаған Алтынгүл экоөнімнің тез ыдырайтынын айтты.
"Жобамның қолданыстағы қағаздан айырмашылығы суға, отқа төзімдірек әрі иілгіш келеді. Биоқағаз болғандықтан, зиянсыз ыдырайды. Бұл қағаздарды бандерольдердің сыртын немесе азық-түліктерді орауға болады", - дейді Алтынгүл Жанәділ.
JasSpace кеңістігіндегі Алтынгүлге сабақ берген "Мәңгі тірі су" қарқынды курсының тренері Әсел Оңдашева шәкіртімен бірге алға қарай бұл жобаны дамытуды жоспарлап отырғанын айтты.
"Банан қабығының құрамында коллаген, С сияқты пайдалы дәрумендер көп. Бұл жобаны алға қарай жетілдіріп, косметикалық өнімдер, ылғалды сулықтар жасау бағытында жұмыс істеуді ойластырып отырмыз", - дейді тренер Әсел Оңдашева.
Баян Жанұзақова
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz