1996 жылы күзде әскерге кетіп оралмаған Атырау облысының тұрғыны Бейбіт Қозыбаев 28 жылдан кейін аман-есен табылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Atpress.kz мәліметінше, таяуда сарбаздың анасы Маржан Қозыбаева туған ұлымен 30 жылға жуық уақыттан кейін аман-есен қауышты.
"Маржан апайдың бұл күнге де жетіп, туған ұлын құшақтап, сағынышын басқанын көзіміз көрді. Аудандық әскери комиссариатына келіп, баласын сұрап егілген ананың талай қиналғаннан есінен танып қалғанын да көргенбіз. Сол кездері оны не деп жұбатарымызды білмей, біз де қиналып қалушы едік. Бүгін, міне, 28 жылдан кейін бауыр еті баласымен қауышқан ана үшін біздің де көңіліміз жай тапқандай болды", – деді Қызылқоға аудандық мәслихатының депутаты, қорғаныс саласының ардагері Есенбай Нұров.
Бейбіт Қозыбаев әскерден қашып кеткен, оған іздеу салынған.
Бұл жағдайға қатысты Ақтау гарнизонының әскери прокуратурасы түсінік берді.
"Осы қылмыстық іс шеңберінде ҚР Қылмыстық-процестік кодексі талаптарына сәйкес процестік шешім қабылданады. Нәтижесі кейінірек хабарланады. Бұдан басқа, қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етілмейді", - деп хабарлады ведомство.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!