Атыраулық шебер төл аспаптың түр-түрін жасайды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.
Ұлттық құндылықты кәсіппен ұштастырған жігіт домбыра жасаудың қыр-сырын әкесінен үйренген. Қазір жасағаны өтпей тұрмайды. Ол домбыра жасаудың ғана емес, тартудың да шебері екен.
Нұрлыбек Бисенбаев дайындаған әр домбырасын тексеріп алады. Кем-кетігін қалыпқа келтіреді. Тапсырыс берушінің көңілінен шығуды басты міндет санайтын шебер айына 100 шақты домбыра жасайды.
"Осы шеберханамызбен мақсатымыз - сол жақсы домбыралар шығару. Қолжетімді, құлағы бұралмайтын, балаларға тартқан кезде ыңғайлы, бауыры жұмсақ, дауысының күмбірі бар. Сондай сапалы домбыраларға өтіп келе жатырмыз, жақсы домбыралар шығарып", - дейді домбыра шебері Нұрлыбек Бисенбаев.
Шеберхана заманауи техникамен жабдықталған. Мұнда домбыраға салынатын оюды арнайы құрылғы ояды. Нұрлыбек жұмысын бастаған 7 жылдың ішінде 3 мыңнан астам төл аспап жасапты. Тіпті көрші елдерден тапсырыс беретіндер де бар. Жұмысын жолға қойған жас шебер қазір 5 адамды жұмыспен қамтып отыр.
"Мына өрнекті алдымен компьютерге өндіріп аламыз. Сызбасын, жобасын сызып. Сосын мынандай әртүрлі шпондар болады, мысалы, қалың, жұқа, қымбат дегендей. Сосын мына лазер станогына бағдарламамен ноутбук арқылы кесеміз", - дейді цех қызметшісі Ғафуржан Айтпаев.
Домбыра жасаудың қыр-сырын Нұрлыбек әкесінен меңгерген. Тұрлан Бисенбаевтың қолынан шыққан қобыздар да қазір Қазақстанды аралап жүр.
"Қазір нарық заманы болғаннан кейін қалай болса солай істеп тастайтын шеберлер көбейді. Соны арқалап әкеліп сатып, осы жерде базарларда сөйтіп жатқан адамдар бар. Бірақ біз жасап жатқан домбыраларымыздың қай жағынан алғанда да жақсы. Солардың орнын басады деп ойлаймын", - дейді шебер Тұрлан Бисенбаев.
Нұрлыбек енді айына 500 домбыра дайындайтын үлкен цех ашуды жоспарлап отыр. Жас шебер ұлттық аспап өндірісін өркендетуді көздеп отыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!