Атырау облысында бүтін бір отбасы жоғалып кетуіне байланысты өз болжамын айтқан "хакерге" қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды. Бұл туралы ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Вице-министрдің сөзінше, қылмыстық істі тергеу аяқталған. Министрдің орынбасары ер адам жариялаған ақпарат қызметтік материалдардан алынғанын айтты.
"Алынған және жарияланған мәліметтің барлығы - қолданыста болған қызметтік ақпарат. Кінәлі лауазымды тұлғалар ақпарат тарап кетуіне қатысты қатаң жауапкершілікке тартылды", - деді Санжар Әділов.
Еске салайық, бұған дейін "өзін хакер" деп таныстырған адам Қазақстанға депортацияланғаны хабарланды. Халықаралық іздеуде жүрген 32 жастағы ер адам Түркияда болған.
"Атыраулық хакерге" бірнеше рет алаяқтық жасады деген айып тағылып отыр. Бұған дейін полиция бұл айыптың бір отбасының өліміне қатысты іспен байланысы жоқ екенін мәлімдеді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!