Атырауда тұрмыстық қалдық тасымалы үшін тариф бағасын қымбаттату мәселесі дау туғызып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қызмет көрсетушілер тұрмыстық қалдық үшін жан басына шаққандағы төлемді 205 теңгеден 594 теңгеге дейін өсіруді ұсынуда. Бұл мәселе Атырауда қоқыс тасымалы үшін тарифті көтеру мәселесі көтерілген қоғамдық кеңес отырысында қаралды. Ұзаққа созылған талқылау нәтижесінде қоғамдық кеңес мүшелері жан басына шаққандағы тарифті 395 теңгеге дейін өсіруді ұсынды.
Алайда, қоғам белсенділері мұнымен келіспейтіндерін мәлімдеді.
"Біз "Мой родной Атырау" қоғамдық ұйымының өкілдері тарифтің 395 теңгеге дейін өсуіне қарсымыз. Бізге тариф бағасын көтерген жағдайда қаражаттың қайда жұмсалатыны туралы толық ақпарат, құжаттар берілген жоқ. Біз қалдық үшін әр адам 300 теңгеден төлесе жеткілікті деп есептейміз. Адамдар қазір тек нан жеп отыр десек болады. Азық-түлік бағасы қымбаттауда. Рас, жобада адамдардың кей санатына жеңілдіктер қарастырылған. Бірақ, ол жеңілдікті алудың өзі оңай болмайын деп тұр" деп жазды Мира Рыскалиева "Фейсбук" желісіндегі парақшасында.
Тұрмыстық қалдық тасымалы үшін тариф бағасын көтеру мәселесі Атырауда өткен жылдың қазан айынан бері талқыланып келеді. Бұған дейін мәселені қараған Атырау қалалық мәслихатының бұрынғы шақырылымдағы депутаттары тариф көтеру туралы ұсынысты құптамаған болатын. Себебі, тарифті үш есеге дейін өсіруді ұсынғандар "Спецавтобаза" серіктестігінің қызметінен бөлек, жеке инвестор салған қалдықты сұрыптау цехы үшін де қосымша қаражат төлеуді қосқан болатын.
"ГринСитиКлининг" ЖШС салған цех үшін 3,5 миллиард теңге қаражат кеткен. Оның 1,5 миллиарда теңгесі үшін серіктестік банктен қарыз алған. Сол себепті, белсенділер қарапайым тұрғындар есебінен жеке инвестордың несиесі өтелетініне қарсы болған еді.
Баян Жанұзақова
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!