Атыраулық қариялар спортпен айналысып, салауатты өмір салтын ұстануда, деп хабарлайды 24.kz.
Кәріс этномәдени бірлестігінің мүшелері осылай ерекше спорт клубын ашып, көпшілікке үлгі болуда. Кәрістердің ұлттық спорт түрі – таэквондоны әжелерге кәсіби спорт шебері үйретеді. Клуб мүшелерінің ең жасы алпыстан асса, соңы – сексенді алқымдаған қариялар. Қазір спорттық клубтың жиырмаға жуық тұрақты мүшесі бар. Биыл жасы сексенге шығатын Любовь Хен осында келгелі қан қысымым қалпына келіп, денемнің құрыс-тұрысы жазыла бастады дейді.
«Өзімді жақсы сезінемін. Бұрын аяғым, белім ауыратын, осы жаттығулардың арқасында қазір біршама жақсы болып келе жатырмын. Қатысамын деген қариялардың барлығын өз қатарымызға шақырамыз. Есігіміз әрқашан ашық», - дейді зейнеткер Любовь Хен.
Жаттықтырушы таэквондадан қара белбеу иегері, кәсіби спортшы – Қабибек Мұхитов қарттардың құлшынысына жоғары баға беріп отыр. Болашақта ересектер арасында ұйымдастырылатын жарыстарға қатысу да жоспарда бар.
«Келген кезде бұл кісілер кішкене дене қимылдары ауырлап, тосындау көрініп еді. Қазір қарап отырсам, күннен-күнге жақсарып келе жатыр. Қатысам деген, үйренем деген құлшыныстары өте жоғары. Қазақстан бойынша осындай үлкен жастағы адамдарға арналған ұйымдар көбірек ашылса дейміз. Біз соған үлгі болуға дайынбыз», - деп мәлім етті Таэквондодан ҚР еңбек сіңірген бапкері Қабибек Мұхитов.
Бұл ұйымның ұйытқысы – «Тхоньил» кәріс этномәдени бірлестігі. Қарттар қолы боста спортпен шұғылданады, ән салып, би де билейді.
«Біздің Елбасымыз мемлекетімізге дені сау ұлт қажет деген қағиданы үнемі айтып келеді. Біз осы тапсырманы аз да болса, орындап жатырмыз дегім келеді. Спорт қана емес, осы ұйымда өз мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді дәріптеп, өскелең ұрпаққа үлгі етіп келеміз», - дейді «Тхоньил» кәріс ЭМБ төрайымы Людмила Ли.
Салауатты өмір салтын ұстанған қариялар қашанда көпшілікке үлгі болмақ. Қыстай спорт залында шұғылданған қариялар күн жылына қала көшелеріне велосипедпен серуенге шығуды да жоспарлап отыр.